F16.KZ
Жарияланды: 10:30, 15 май 2025
Өскемен

STUDY IN KAZAKHSTAN: Аманжолов университеті білім көрмесін өткізді

Өскеменде ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев Шығыс Қазақстан облысының мектеп түлектерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды F16.kz.

Ондағы мақсат – жастармен ашық диалог құру, отандық жоғары білімді насихаттау және дарынды мектеп оқушыларын қолдау.

С.Аманжолов атындағы ШҚУ баспасөз қызметінің мәлімемінше, кездесуге облыстың аудандарынан келген 600-ден астам түлекпен қатар білім басқармасының өкілдері, мектеп директорлары, мұғалімдер мен ата-аналар қатысты.

С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры, профессор Мұхтар Төлеген еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлауда өңірдегі жоғары оқу орындарының маңызды рөл атқарып отырғанын атап өтті.   

Биылғы түлектер болашақ көшбасшылар және Қазақстанның гүлденуіне үлес қосатын мықты азаматтар болады деп сенеміз. Біздің университет дарынды жастарды асыға күтеді және академиялық ұтқырлық, халықаралық жобалар аясында жан-жақты дамуға мүмкіндік береді, - деді ректор.

ТАЛАПКЕРЛЕРГЕ МҮМКІНДІК КӨП

Министрлік өкілі кездесу барысында мамандық таңдаудың маңыздылығына тоқталып, бүгінде қазақстандық университеттердің сапалы білім беруге толық мүмкіндігі бар екенін айтты.

«Study in Kazakhstan» – ел Президентінің тапсырмасымен іске асырылып отырған үлкен жоба. Айта кету керек, Ғылым және жоғары білім министрлігі соңғы жылдары шетелдің 30-дан астам оқу орнымен стратегиялық серіктестікке қол жеткізген. Қазір Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының бірнеше филиалы ашылған. Бұл талапкерлердің өз елінен шықпай халықаралық деңгейіндегі білім мен дипломға ие болуына мүмкіндік береді. Биыл қыркүйекте Астанада Кардифф университетінің филиалы ашылады. Бұл университет Ұлыбританияда ғана емес, әлемде жоғары рейтингке ие. ЖОО филиалдары әр өңірдің ерекшелігін, еңбек нарығын зерттей отырып кадрлар даярлайды.

БИЫЛ ГРАНТ САНЫ ӨСПЕЙДІ

Бүгін Шығыс Қазақстанның талапкерлеріне биылғы ҰБТ-ның шарттары туралы түсіндірілді. Өңір түлектері мегаполистерден бөлек, академиялық көрсеткіштері жоғары аймақтық оқу орындарын таңдаса деймін. Себебі мақсат үлкен қалаларға бару емес, жақсы университет таңдау болу керек. Өңірдегі жоғары оқу орындар уақыт талабына сай жаңғырып, дамып келеді. Бірқатарында шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылған. Атқарылып отырған жұмыстың барлығы жастардың өз елінде халықаралық деңгейде сапалы білім алуына бағытталған, - деді ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев.

Биыл ҰБТ-ға қатысуға 216 мыңға жуық түлек өтініш берген. Бұл – ел бойынша рекордтық көрсетікіш. Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев грант саны былтырғымен салыстырғанда өспейтінін баса айтты. Сондай-ақ әр университет өз шекті балын таңдауға құқылы. Ұлттық университеттердегі шектік балл 90-нан басталып, 130-ға дейін жетеді. 

ДАРЫНДЫ ТҮЛЕКТЕРГЕ ДАҢҒЫЛ ЖОЛ

Кездесуде Amanzholov University тарапынан дарынды түлектерге 14 білім гранты табысталды. Бұл гранттар оқу озаттарына, олимпиадалар мен ғылыми және шығармашылық байқаулардың жеңімпаздарына берілді. Грант иегерлері Өскемен, Семей, Зайсан, Катонқарағай және басқа да өңірлерден келген мектеп оқушылары.

Amanzholov университетінің төрт жылдық білім грантын ұтып алдым. Өңірдегі үздік ЖОО-да білім алып, тәжірибе жинақтап, білікті маман болатыныма сенемін. Білімді, көшбасшы жастардың қатарына қосылатыныма қуаныштымын. ШҚУ студенттерінің шетелде білімін жалғастырып, жаңа мүмкіндіктерге ие болып жатқанын көріп жүрмін, - деді Зайсан ауданы Шілікті орта мектебінің 11-сынып оқушысы Айшолпан Ахатбекова.
ШҚУ-да өткен информатика пәнінен олимпиалаға қатысып, бірінші орын алдым. Нәтижесінде төрт жылдық білім грантының иегері атандым. Маған осы университеттің зертханалары, заманауи орталықтары ұнайды. Өзім IT саласына маманданғым келеді, - деді Шемонаиха ауданынан келген 11-сынып оқушысы Алексей Хорев

ОҚУ АҚЫСЫНА ЖЕҢІЛДІК БЕРІЛДІ

Кездесу барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың және Кардифф университетінің (Астана) өкілдері де сөз сөйлеп, талапкерлерге оқуға түсу, студенттік өмір және халықаралық білім беру мүмкіндіктері туралы әңгімеледі. Іс-шара студенттік өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасымен және мектеп оқушылары қатысқан қызықты викторинамен аяқталды. Белсенді қатысушыларға ЖОО-ның оқу ақысына 10% жеңілдік пен естелік сыйлықтар табысталды. 

Фото: С.Аманжолов атындағы ШҚУ баспасөз қызметі

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)