Өскеменде халықаралық конференция өтіп жатыр

Өскеменде «Жұмыс орындарында отбасына қолайлы саясатты нығайту» атты халықаралық конференция басталды. Отбасы күніне орайластырылған аталмыш іс-шара Дәулет Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың бас ғимаратында өтіп жатыр, деп хабарлайды F16 тілшісі.
Облыс әкімдігі, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігінің мұрындық болуымен ұйымдастырылған конференцияның негізгі мақсаты – еңбек өнімділігі мен сапасына және экономиканың тұрақтылығына әсер ететін негізгі институт ретінде отбасын қолдау мәселелері бойынша мемлекет, жұмыс берушілер, кәсіподақтар мен сарапшылар қауымдастығы арасында жүйелі диалог орнату. Бұл туралы жиында баяндама жасаған Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, еңбек және кәсіподақ құқығы саласының сарапшысы Бибігүл Ағыбаева айтты.
Айта кетейік, бүгінде Шығыс Қазақстанда жұмысшыларының отбасыларына жан-жақты қолдау көрсетіп жатқан жұмыс беруші кәсіпорын аз емес. Соның бірі – «Aitas Agro» ЖШС. Агроөнеркәсіп саласында қызмет көрсететін бұл компания жұмысшыларының отбасылық мәселелеріне бейжай қарамайды. Кәсіпорынның стратегия және маркетинг бойынша директоры Әлия Сванованың айтуынша, «Aitas Agro» маманадарының жұмыс уақыты өздеріне ыңғайлы етіп жасалған. Сондай-ақ компания басшылығы жұмысшыларының отбасындағы айтулы оқиғалардан да тыс қалмауға тырысады. Той-томалақтарын өткізуге атсалысады.
Бір күндік конференцияға мемлекеттік органдардың мамандары, халықаралық серіктестер, ірі жұмыс берушілер, HR-директорлар, кәсіподақтар, қызметкерлер қауымдастықтары және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысып жатқанын айту керек. Сонымен бірге, онлайн форматтағы жиынға шетелдік сарапшылар да қатысуда. Іс-шара қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдар мен жұмыс берушілерге арналған ұсыныстары бар резолюцияға қол қойылады деп жоспарланған.
Нұржан Кенжеұлы
Фото: Тілеубек Шаяхмет




