ШҚО үздік үштікте: өңірде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік нығайып келеді

Шығыс Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде жүзеге асып жатқан жобалардың дені білім саласына қатысты, деп хабарлайды F16 тілшісі.
Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде Парламент Сенатының Қаржы және бюджет комитеті депутаттарының қатысуымен өткен мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысында белгілі болды.
Сенат депутаттары, Ұлттық экономика министрлігінің басшылығы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы мен жергілікті бизнес-қауымдастық өкілдері қатысқан жиынға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов төрағалық етті.
Белгілі болғандай, Шығыс Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде жүзеге асып жатқан жоба аз емес. Қазіргі уақытта облыста жалпы құны 12,2 миллиард теңгенің 47 мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шарты жасалды. Оның басым бөлігі білім саласына қатысты жобалар. Дәлірек айтсақ, 4,3 миллиард теңгенің 44 шарты жасалған. Қалған үш жоба дене шынықтыру және спорт (құны 7,8 миллиард теңге), көлік (24,6 миллион теңгеге) пен денсаулық сақтау (16,7 миллион теңге) салаларына тиесілі. Осы ретте жасалған шарттардың 87 пайызы мемлекеттік міндеттемелерді төлеуді талап етпейтін 3 санаттағы жобалар екенін айтқан жөн.
Ал Бекболат Орынбековтың айтуынша, елімізде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік қарқынының бәсеңдеп қалуына заң шикілігі де әсерін тигізуде. Сенат депутаты қолданыстағы заң жобалары кәсіпкерлер үшін түсініксіз екенін айтты. Сол себепті, көп жағдайда бизнес-қауымдастық мұндай жобаларға қатысудан бас тартып жатады.
Алқалы жиын барысында қатысушылар осы және басқа да мәселелерге қатысты пікір білдіріп, ұсыныстарын жеткізді. Ал облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Парламент депутаттары мен жергілікті бизнес қауымдастық көтерген мәселелер орынды екенін және тығырықтан шығу үшін заңнамаға өзгеріс енгізу қажет екенін айтты.
Нұржан Кенжеұлы
Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі