Ғажайыпқа толы "Музейдегі түн"

Халықаралық музей күніне орай Өскеменде дәстүрлі «Музейдегі түн» акциясы өтті, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан Өнер мұражайында өткен айтулы шара биыл «Ғасырлар толқынындағы мамандық» тақырыбында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылды.
Шара барысында «Жұмысшы мамандықтар» шеруі өтіп, түрлі мамандық иелеріне құрмет көрсетілді. Артынша қала тұрғындары мен қонақтары ағаш шеберлерінің, аспаздар мен керамикадан түрлі бұйымдар жасайтын қолөнершілердің шеберлік сабақтарын тамашалады.
Қазақстандық суретшілердің шығармалары қойылған «Мен – жұмысшымын» атты көрме ұйымдастырылып, жиылған жұртшылық суретшілер алаңында портрет салып, өз өнерлерін паш етті.
Келесі залда сән көрсетілімі өтті, жас тігіншілер өз туындыларын көпшілікке ұсынса, музыкалық залда жергілікті шығармашылық ұжымдары концерт қойды.
«Музейдегі түн» акциясы жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлін насихаттап, келушілерге қызықты әрі танымды кеш сыйлады.
Фото: F16.kz