Қош-Ағаштағы қазақ музейі

Ресей Федерациясы Алтай Республикасының Қош-Ағаш ауданында Алтай қазақтарының музейі бар дегенді бұрындары бір естіп қалғаным бар болатын. Барып көрсе деген ойымыз да бар еді.
Дүниежүзі қазақтарының Шығыс Қазақстан облысы бойынша төрағасы, журналист Мерей Қайнарұлы екеуіміз 2023 жылы Моңғолия елінің Баян-Өлгей аймағына барып қайтқан едік. Осы сапарда жолай Қош-Ағаш ауданымен өткенбіз. Жай ғана өткен жоқпыз, сол жердегі қауымдастықтың төрағасы, Төбелер ауылында тұратын Оразай Алтайұлы деген ағамыздың шаңырағында болып, дәм татып қайтқан едік. Бірақ уақыттың тығыздығына байланысты жоғарыда аты аталған музейді көре алмағанбыз.
«Берел» музей-қорығы өз зерттеу жұмыстарының аясында археологиялық қазбадан бөлек басқа да тарихи зертеулермен де айналысады. Биылғы жылы Ғылым және Жоғары білім министрлігінен «Алтай қазақтарының белгілер жүйесі мен таңбалары» атты гранттық жоба ұтып алған едік. Осы жобаға байланысты қараша айында Қош-Ағаш ауданы Жаңа-Ауыл ауылында орналасқан Алтай қазақтарының музейінде іссапарда болып қайттым. Айтпақшы, мынадай қызық болды.
Жолға шығар алдында Мерейге хабарластым. «Оразай ағамыздан Жаңа-Ауылдағы музейдің меңгерушісінің телефон нөмірін алып бер» дедім. Біраздан соң телефоныма Мерейден хабарлама түсті. Ашсам, «Елена Стахановна» деген кісінің нөмірін жіберіпті. Содан, сол адамға «Ватсап» арқылы «Елена Стахановна, здравствуйте! Вас беспокоит коллега из Казахстана» деген смс-хабарлама жаздым. Жазып болған соң фотоға қарасам, үстіне қазақтың ұлттық киімін киіп, басына шыт тартқан қазақ апайымыздың суреті тұр. Сосын дереу қазақша былай деп қайта жаздым: «Сізді аты-жөніңізді көрген соң орысша жазып отырсам, өзіміздің қазақ апайымыз екенсіз ғой». Біраздан кейін жауап келді. Ашсам: «Сәлем, бауырым, иә, келіңдер біздің музейге», – депті. Ары қарайғы әңгімеміз қазақша өрбіп, кездесетін күнді белгіледік. Сонымен, қарашаның 14-күні жоба жетекшісі – PhD докторы, таңбатанушы, археолог Самашев Самат Қайроллаұлы екеуіміз Қош-Ағашқа жеттік. Ертеңіне сол жерден көлік жалдап, аудан орталығынан ары 30 шақырым жердегі Жаңа-Ауыл ауылында орналасқан музейге бардық. Музей меңгерушісі Лена апайымыз (Бұл кезде бізге Елена Стахановна, Лена апай болып кеткен еді) өзі қарсы алып, музейімен таныстырды. Біз барғанда, музейге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Сондықтан көптеген жәдігерлерін жеке бір ғимаратқа жинақтап қойыпты. Музей қоры өте бай екенін көріп таңғалдық. Алтай қазақтарының 19-20 ғасырлардағы көптеген этнографиялық жәдігерлеріне толы екен. Салыстырмалы түрде алсақ, біздегі аудандық өлкетану музейінде мұндай құнды жәдігерлер жоқ деуге болады.
Музеймен танысып, өзімізге қажетті ақпаратты алған соң музейлер арасындағы әріптестік байланысты нығайту мақсатында, Ресей мен Қазақ Алтайының бай тарихи-мәдени мұрасын ескере, екі ел арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға, нығайтуға ұмтылу және бір-бірінің мәдениетімен өзара танысудың маңыздылығын мойындай, Ұлттық мәдениеттердің әртүрлілігін сақтау мақсатында бірлескен жұмысты жалғастыру ниетін растай отырып, «Берел» музей-қорығы мен Алтай қазақтарының музейі арасында екіжақты меморандум жасасып, қол қойдық.
Ресми іс-шараларымыз біткен соң Лена апайымыз бен жолдасы Тілеубек ағамыз үйіне дәмге шақырды. Ол шаңыраққа барған соң да екіге бөлініп, екі мемлекетте қалып қойған бір ауданның тарихы жайлы біраз әңгімелер айтылды. Көшпелі өмірдің арқасында ата-бабаларының кезіндегі Аршаты, Берел өңірінен осы өңірге дейін келіп, орналасып қалғандарын айтты. 1930 жылдардағы қуғын-сүргін кезінде Катонқарағай ауданынан арғы бетке, яғни Қытай жеріне көптеген адамдардың жер ауып кетуіне байланысты, «Қазақстан жағы шекарадан адамдарды тоқтата алмай жатыр» деген желеумен Қош-Ағаш өлкесі Катонқарағайдан бөлініп, Ойратия Республикасының (қазіргі Алтай Республикасы) құрамына беріліп кеткен екен. Қош-Ағашта болған екі сапарымда да байқағаным, өзімді Катонқарағайда жүргендей сезіндім, салт-дәстүр, сөйлеу мәнеріне дейін, тіпті бірдеңеге жауап қатқанда «иә» деудің орнына «еһә» деп біздің катондықтарға ғана тән диалектімен жауап бергенін көргенде еріксіз жымиясың. Қош-Ағашты мекендеген қазақтардың ішінде ең көп тараған ел – біздің тілмен айтсақ, сүйек: Сарғалдақ, Дәулет, Самай, Шоңмұрын, одан кейінгілер Уақ, Қожамбет, Ақнайман, біраз Керейлер бар. Қысқасы, түгелдей қаратайлықтар деуге болады.
Жалпы, Қош-Ағаш климаты жағынан Сібірдің қатал климатына теңестірілген. Оған өзіміздің де көзіміз жетті. Сондықтан да бұл өңірдің халқы екі айлық жалақы мен екі айлық зейнетақы алады. Көпшілігі Қазақстанға көшкілері келгенімен бұл жаққа келсе, жалақы мен зейнетақы азайып қалатын болғандықтан, көшкілері келмейді. Ал Ресейдегі соңғы қазақ мектебі осы Жаңа-Ауыл ауылында осыдан үш жыл бұрын жабылып, орыс мектебіне айналған. Кішкентай балалармен жаппай орысша сөйлеп, қазақ тілінің жоғалып бара жатқаны үлкендердің көңіліне қаяу салуда.
Жаңа-Ауылда Тілеубек ағамыздың үйінен қоштасып шығып бара жатқанда Лена апайымыз:
«Әрине, келіңіздер, күтіп те аламыз, ағайындас туыстарыңызды да тауып береміз», – деп біз де алыстағы ағайынның көңіліне риза болдық.
Осылайша, тағдырдың жазуымен, әртүрлі тарихи жағдайға байланысты елден бөлініп қалған ағайындар арасындағы екікүндік сапарымыз аяқталып, жолға шықтық. Біз шығып кеткен соң телефон шалып, «Катонқарағайдан келді деп естідік, барып амандасайық деп едік» деген азаматтар да болды. «Бұйырса, тағы да келеміз ғой», – деп рахметімізді айтып, Шүй жеріне орналасқан ағайынмен қоштасып елге қайттық.
Алмас Сарбасов,
«Берел» музей-қорығының директоры