Өндірістегі төтенше жағдай кезінде әрекет ету алгоритмін әзірлеу керек – Сақтағанов

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов «УК ТМК» кәсіпорнында болған оқиғадан кейін барлық кәсіпорындарға бірыңғай іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды F16.kz.
Қытай Халық Республикасында жұмыс сапарымен жүрге аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов шұғыл өңірге оралып, «УК ТМК» АҚ басшылығымен кездесті. Мамандармен бірге жағдайды талқылап, жедел штаб отырысын өткізді.
Еске сала кетейік, бұған дейін кәсіпорын аумағында қою түтін шыққаны туралы қала тұрғындары әлеуметтік желілерде ақпарат таратқан болатын.
Кездесуден кейін кәсіпорын аумағында Төтенше жағдайлар министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаментінің және ШҚО экология департаментінің өкілдері облыстық прокуратураның қолдауымен тексеру бастады. Тексеру барысы мен нәтижесі облыс басшылығының және «Өскемен тынысы» экологиялық қорғаныс бюросының жеке бақылауында.
Кеше анықталғандай, шекті рұқсат етілген концентрациялардың артуы тіркелмегенімен, кәсіпорында шынымен де штаттан тыс жағдай болған.
Өңір басшысы атап өткендей, бұл оқиға осындай төтенше жағдай туындағанда әрекет етудің кезең-кезеңімен атқарылатын алгоритмін әзірлеу қажеттігін көрсетеді. Сонымен қатар барлық өндірістік алаңдарда тиісті оқу-жаттығулар өткізу керек. Ең бастысы – азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығы.
Облыстық жедел штаб отырысында өңір басшысы тиісті мекемелердің есептерімен танысты. Қазір ауа сапасына жүргізілетін мониторингті күшейтуге бағытталған кешенді шаралар қабылданды. Сонымен қатар облыс әкімі өңірдің төтенше жағдайларға дайындығын арттыруды және мемлекеттік органдар, кәсіпорындар мен халық арасындағы жедел әрі ашық коммуникация арналарының жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.
Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі