admin
Жарияланды: 20:00, 03 февраль 2025
Тарбағатай / Басты / АЙДАРЛАР / Не жаңалық?

Тарбағатайдың әлеуметтік нысандары мен су тасқыны мәселесі бақылауда

Бүгін ШҚО әкімі аппаратының басшысы Ерлан Текешов іс-сапармен Тарбағатай ауданында болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын саралады.

Аудан активімен кездесуде әкімдік бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және депутаттармен сұхбаттасып, олардың сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды F16.kz сайты.

Аудан әкімі Дархан Жөргекбаев өңірдің экономикалық ахуалы мен атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Өз кезегінде Ерлан Текешов аудан экономикасын жандандыру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Сапар кезінде облыс әкімі аппаратының басшысы аудан орталығындағы күрделі жөндеуді қажет ететін әлеуметтік нысандарды аралады. Әсіресе, аудандық аурухана мен Қ. Билялов атындағы мектеп-гимназиясының жағдайына ерекше назар аударды.

Көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары да басты назарға алынды. Ерлан Текешов Жетіарал ауылы маңындағы бөгеттің жұмысымен танысып, су тасқыны қаупіне қарсы атқарылатын жұмыстарды қатаң бақылауға алу қажеттігін атап өтті. Осыған орай, барлық ауылдық округ әкімдерімен көшпелі жиын өткізіліп, тиісті тапсырмалар берілді.

Фото: ШҚО ішкі саясат басқармасы

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)