Газдандыру: Тұрақты дамуға бағытталған қадамдар
ШҚО-да газдандыру жұмыстары қарқынды түрде жалғасып, аймақ тұрғындарын орталықтандырылған газбен қамтамасыз ету жұмыстары атқарылып жатыр.
Қазіргі уақытта 10 елді мекен, соның ішінде Зайсан қаласы, газға қосылған. Бұл 23 мыңнан астам адамды немесе облыс халқының 3,25%-ын қамтиды. Бұл туралы ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов Өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген брифингте баяндады.
Облысты газдандыруды дамытуда Қазақстан Республикасы Үкіметі мен «Газпром» компаниясы арасындағы келісім маңызды рөл атқарды. Сондай-ақ, аймақтың газдандыру схемасы жаңартылып, қажетті газ көлемі 2,03 млрд м³ деңгейінде анықталды. Қазіргі уақытта Ресейден газ жеткізу мәселесі бойынша ҚР Энергетика министрлігімен келіссөздер жүргізілуде.
Өткен жылы ШҚО-ға 33 838 тонна СМГ бөлінді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 7 298 тоннаға артық. СМГ 22 автогаз құю станциясы арқылы сатылып, 1 литрінің бағасы 84 теңгені құрайды, ал облыс орталығынан 200 км қашықтықтағы елді мекендер үшін баға 89 теңге.
Ай сайын өңірге 3 443,1 тонна газ қажет. Оның ішінде 1 954,4 тоннасы автогаз станцияларына, 206,8 тоннасы өнеркәсіптік кәсіпорындарға, ал 1 281,9 тоннасы үй шаруашылықтарына бағытталады. 2025 жылдың бірінші тоқсанына ШҚО үшін 9 141 тонна СМГ бөлінген.