admin
Жарияланды: 19:00, 15 февраль 2025
Басты / АЙДАРЛАР / Айтпайын десең... / Катонқарағай

Кеудесін оққа тосқан катонқарағайлық Ауған ардагері ауыз сусыз отыр

1979 жылдан 1989 жылға дейінгі аралықта Кеңес Одағының Ауғанстанға жасаған әскери араласуы екі елдің ғана емес, бүкіл әлем тарихында маңызды із қалдырды. Бұл соғыс көптеген қазақтардың өміріне әсер етіп, мыңдаған адамға ауыр сынақ болды. Ауған соғысы ардагерлері сол күрестің жарқын бейнесі болып табылады. Катонқарағайда ерлігі еленбей жүрген ауған ардагерінің бірі – өрелдік Оралбек Таукенов.

Командирін жау оғынан құтқарған

Оралбек Таукенов 1963 жылы 29 қаңтарда Өрел ауылында дүниеге келген. Совхозда механизатор болып жұмыс істеп жүргенде әскер қатарына шақырылады. Алдымен Самарқанда 3 ай оқу-жаттығуда болып, 1981 жылы 16 маусымда Кабул қаласына қанды шайқастың ортасына түседі. Командир әр сарбаздың қарым-қабілетіне қарай міндетін бөліп берді. Осылайша, 18 жасар жігіт 191-ші полкта мотоатқыш снайпер болып шыға келді.

Осы сәттен бастап Оралбек ағамыз 2 жыл 6 ай ауған жерінде болып,  түрлі жауынгерлік операцияларды басынан өткерді. Тіптен осы уақыт аумағында көзсіз ерлік те жасады. Панджир шатқалында болған ұрыстардың бірінде командиры Михаил Лялькоға бағытталған жау оғын кеудесімен жауып, ауыр жарақат алады. «Совет Одағының батыры» атағына лайық бұл ерлікке тек «Ерлігі үшін» медалі беріледі. Оған себеп – сол кездегі ұлтаралық бөлініс, мұсылман халықтарынан шыққан батырларды елемеу еді. Осылайша, батыр жерлесіміз жарақат алғаннан кейін де ұрысты жалғастырып, орнына снайпер болмауына байланысты әскери борыш мерзімін артығымен өтеп елге келді.

Жыл сайын 191-ші полктың жауынгерлері жан-жақтан келіп, хабарласып тұратын көрінеді. 2008 жылы Панджир тобы келіп, Оралбек Таукеневті Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» орденімен марапаттаған. Бұдан бөлек берілген марапаттар да қаншама. Алайда, қарапайымдылық пен адалдыққа жақын ауған ардагері мен ерлік жасадым деп кеудесін кере бермейді. Керісінше, мал шаруашылығын қолға алып, адал еңбегімен жұмыс істеп келеді. Қыс-көктем кезінде ауылда қар күреп, дамба ашуға жәрдемдесіп, халыққа қолдан келген көмегін тигізуге дайын тұрады. Ауылдық мектеп, клубтар мен әкімдік тарапы да жыл сайын кездесулерге шақырып, алғыс хаттар табыстаумен шектелетін көрінеді.

Кезінде соғыс даласында бірге болған майдандас достары Оралбек ағаны қалаға көшіп келуге шақыратын көрінеді. Бірақ еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі жоғары тұрған ол Алтайдан көшіп кеткісі келмейді. Мектеп пен ауылдық клубтар ұйымдастыратын кездесулерге қатысып, жас буынға ақылын айтып жүреді.

 

Ауған ардагері ауыз сусыз отыр

      Оралбек Бидамбекұлының жұбайы Мәншүк Тәукенова ауған соғысы ардагерлеріне ай сайын небәрі 22 мың теңге жәрдемақы төленеді дейді. Жылына бір рет курортқа жолдама беріліп тұрады, бірақ демалысқа баратын жерді өзіміз таңдасақ дейді.

 

         Ел үшін қан кешіп келіп, қазірге дейін туған жеріне қызмет етіп отырған азаматтың үйіндегі негізгі бір мәселе – үйіне ауыз су тартылмаған. Қолынан алған жарақаты қиындық туғызса да әлі күнге дейін суды құдықтан тасып ішеді. Су құбырын тартуға бірнеше рет өтінім берсе де, бірде жобаға кірмегенін айтып, бірде мердігердің қателігін айтып жылы жапқан.

         Бұл туралы ауылдық округ әкімінен сұрасақ, Өрелде барлығы 226 тұрғын үй бар. Олардың барлығы жаз маусымында су құбырына қосылады, ал қыста 41 үй «жазғы үй» болғандықтан қосылмайды.

- Оралбек Таукеневтің үйінің екі жағында да қазір құдық бар. Ол құдықтың біреуі 2015 жылы орнатылып, пайдалануға берілген. Құдық көшенің екінші жағында, жоба бойынша. Құдықтан үйіне дейін өз қаражатына қаздырып қосылуға мүмкіндік болды. Көрші үй (Шалабаев Тоқтарбек) солай қосылған, бірақ бұл кісі өзіне белгілі себептермен олай етпеді. Кейіннен 2016 жылдары бұл көшеге мемлекеттік автотрасса ретінде орташа жөндеу жүргізілді. Енді үйінің тұсындағы көшенің қарсы жағындағы құдықтан су алу үшін асфальтты бүлдіру керек. Ол жол ҚазАвтоЖол мекемесіне тиесілі. Ал үйінің екінші жағындағы құдық 2023 жылы орнатылған. Қаражат дұрыс есептелмеуі себепті мердігер мекеме жұмысты толық, сапалы атқармаған. Қойылған құдық су құбырына қосылмаған, - дейді Өрел ауылдық округінің әкімі Еркін Көбешев.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне бірнеше рет назар аударған. 2019 жылы ұлықтау рәсімінде ол: «Таза ауыз су әрбір үйде, әрбір отбасында болуы міндет» деп мәлімдеген. Тоқсан пайызы сумен қамтылып отырған аядай ауылда ауған ардагерінің ауыз суға қол жеткізе алмай отыруы ұятты жағдай. Бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан бұл мәселені ардагердің жұбайы аудан әкімінің қабылдауына кіріп, шешсем деген үміті бар, сол үміті ақталса дейміз...

 

Дана Әбдікәрім

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)