admin
Жарияланды: 09:00, 18 февраль 2025
Басты / АЙДАРЛАР / Айтпайын десең... / Өскемен / Спорт

Өскемен футболының қайта өрлеуі: жаңа алаңдар үмітті ақтай ала ма?

Соңғы жылдары Өскемен футболы ауыр дағдарысты бастан өткеріп, жанкүйерлердің көңілін күпті еткен еді. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өңірдегі футболдың мүшкіл халін талай мәрте көтергенімен, мәселе шешілмей, жағдай тек биыл ғана оңала бастады. Қозғалысқа Президенттің жеке араласуы себеп болды.

Президентпен болған әсерлі сәт

2024 жылдың жазында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысына сапары барысында Ольга Рыпакова атындағы манежде жас спортшылармен кездесті. Сол кездесуде 4-сынып оқушысы Альтаир Бақытұлы Президенттен Өскеменге жабық футбол алаңын салуды өтінген еді. Осы бір қарапайым өтініш ұзақ жылдан бері қозғалыссыз жатқан сеңді бұзды.

Шығыс футболының тарихи тағдыры

Өткен ғасырда Өскеменнің «Восток» және Семейдің «Спартак» клубтары қазақ футболының мақтанышы еді. «Восток» Қазақстан кубогының финалына үш рет шығып, бір мәрте жеңіске жетсе, «Спартактың» мұрагері «Елімай» үш мәрте ел чемпионы атанған. Алайда 2000-жылдары қос клуб та құлдырап, Семейлік команда жоғары дивизионнан шығып қалды, ал «Восток» бірде премьер-лигаға көтеріліп, бірде қайта түсіп жүрді.

2014 жылы екі клубтың негізінде «Алтай» құрылды. Алайда клубтың Семейге көшірілуі жанкүйерлердің наразылығын тудырды. Ақыры «Алтай» та көп ұзамай тарқап тынды. Өскеменде кәсіби футбол тоқырап, балалар футболын дамытуға көңіл бөлінбеді.

Ауыл таланттары мен жүйесіздік мәселесі

Өскемендік жаттықтырушы Жандос Юсубалиевтің айтуынша, мәселе тек командада емес, жүйеде жатыр:
«Кәсіби футболдың түп негізі — бұқаралық футбол мен балалар академиясы. Ауылдағы балалардың әлеуеті зор. Егер оларға сапалы база, білікті бапкерлер мен қолдау болса, нәтиже көп күттірмейді. Бізге тек футболды дамытуға жүйелі көзқарас керек», – дейді ол.

Зайсан ауданының жетістігі осы сөздің дәлелі. Биыл ауыл балалары арасындағы Қазақстан чемпионатында Зайсандық 2013 жылғы балалар күміс, ал 2011 жылғы командасы қола жүлде иеленді. Демек, талант бар, тек қолдау қажет.

«Алаң» жобасынан үлкен үміт

Футболды халықтық спортқа айналдырмай, кәсіби деңгейде жетістікке жету қиын. Осыны жақсы түсінген Қазақстан футбол федерациясы былтыр «Алаң» атты жобаны бастады. Мақсат – еліміздегі ескірген футбол алаңдарын жаңарту.

Жоба аясында биыл еліміздің тоғыз өңірінде 50 алаң жаңғыртылады. Солардың қатарында Өскемендегі «Восток» стадионының қосалқы алаңы да бар. Қайта төселген жасанды шөп Италиядан жеткізілді. Жобаға қажетті қаражат мемлекет есебінен емес, демеушілердің қолдауымен жиналған.

Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов:
«Біздің мақсат – әр өңірде сапалы футбол алаңдарын жасап, ауыл балаларына мүмкіндік беру. Еліміздегі футбол орталықтары балаларға лық толы. Келер жылы жоба моноқалалар мен ауылдарға жетеді», – деп мәлімдеді.

Жаңа алаң – жаңа үміт

«Алаң» жобасы Өскемен футболына жаңа дем беріп, ауылдағы таланттардың жолын ашпақ. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті пайдаланып, балалар футболын жүйелі түрде дамыту. Бәлкім, ертеңгі күні Зайсан алаңында доп тепкен бала қазақ футболының жұлдызына айналар. Ең бастысы – қозғалыс басталды, үміт қайта жанды.

Фото: prosports.kz

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)
Тағыда оқи отырыңыз:
Шығыста ат спортының басынан бағы тайды ма?
04.10.24, Айтпайын десең... / Спорт / Журналист жол үстінде / Фоторепортаж / Самар / Басты
«Қазақстанда» адам саны азайып барады. Билік шекарадағы ауылдарды жандандыра ала ма?
29.10.24, Шекаралық аудан / Марқакөл / Журналист жол үстінде / Басты / Арнайы жоба
«Ұрпаққа не қалдырамыз?!» Тарбағатай жұрты кен қазушылардың әрекетіне алаңдап отыр
25.11.24, Басты / АЙДАРЛАР / Айтпайын десең... / Шекаралық аудан / Тарбағатай / Күршім / Журналист жол үстінде
Қыста қар құрсауында қалып, жазда батпаққа батады. Жол азабын тартқан шекарадағы ауылдар
24.12.24, Басты / АЙДАРЛАР / Шекаралық аудан / Зайсан / Журналист жол үстінде / Айтпайын десең...
Шығыстың шекаралық аудандарында қандай мәселелер туризмге тұсау болып отыр?
29.01.25, Басты / АЙДАРЛАР / Киелі Алтай / Шекаралық аудан / Катонқарағай / Марқакөл / Журналист жол үстінде