Қараусыз мекен, қар басқан көше, жағымсыз иіс. Өскемен саяжайларындағы өмір

Өскеменде 150-ден астам саяжай бар. Онда 14 мыңға жуық адам тұрып жатыр. Бұрын тұрғындар бау-бақша егіп, қаланың қым-қуыт тірлігінен бір сәт демалу үшін жазда ғана келетін саяжайлар бұл күнде ауылдан көшкен халықтың тұрақты мекеніне айналған және олардың саны жылдан-жылға артып келеді. Ең өкініштісі, қалың елге пана болған бау-бақша серіктестіктерінде қордаланған мәселе көп.
F16.kz журналистері көптің көкейіндегі түйткілдерді көзбен көріп, таспаға түсіріп қайтты.
Атығай асуын жайлаған «Магистраль» бау-бақша серіктестігіне жаяу баратын соқпақ. Жолдың бойында да, саяжай көшелерінде де шам жоқ.
Саяжайға барар жолдағы «қыл көпір». «Қараңғыда жүру қауіпті, көпірде жарық жоқ» дейді тұрғындар. Төменде пойыз жолы жатыр.
Алматы-Өскемен республикалық трассасы бойындағы аялдама. Көлігі жоқ “Магистраль” тұрғындары мен оқушылар жарты шақырымдай жаяу жүріп осы жерден автобусқа мінеді.
«Магистраль» бау-бақша серіктестігі бізді қақпасын айқара ашып қарсы алды.
Саяжайдағы жалғыз аяқ жол. Көшенің қарын жиі-жиі күретуге тұрғындардың қалтасы көтере бермейді. Тек қар қалың жауғанда әр түтін 2-3 мың теңгеден жинап, техника жалдайды.
Күршім ауданының Маралды ауылынан көшіп келген Сейіт Тайыншабасов саяжайда электрмен қамтамасыз ету мәселесі өзекті екенін айтады.
«Былтыр бір апта жарық болмай, үйде ешкім жоқ, тоңазытқыштағы 190 келі соғымның еті ысырап болды” деді ол.
Ауылдан келген ағайын атакәсіптен қол үзбеген. Саяжайда жылқы ұстап, бала-шағасын асырап отырғандар да бар.
“Магистраль-2” бау-бақша серіктестігінің тұрғыны, Самар ауданынан көшіп келген Мақсат Ғазизов көмір «күзетіп» тұр. Қалың қардан діттеген жерге жете алмаған жүк көлігі қатты отынды төбеге төгіп кеткен. «Ары қарай қапқа салып тасып аламыз» дейді зейнеткер.
«Стратегиялық нысанды» күзетіп тұрған ит. Бағанаға бекітілген мына бір шағын жәшіктен бүкіл саяжайға электр қуаты тарайды. Бұл ауылдың халқына электр қуатынан асқан құнды дүние жоқ.
Жалқынданып күн батты. Бірақ терезеден шамның жарығы көрінбейді. Мұржадан шыққан түтінді де байқамадық. Күйбең тірліктің соңында жүрген бейнетқор жұрт әлі үйлеріне орала қоймады.
Қас қарая еңбек майданынан қайтқан адамдар. Саяжай тұрғындарының бәрі Өскеменге барып-келіп жұмыс істейді.
Тоғас көшесінің бойында орналасқан «Заря» бау-бақша серіктестігі. Қазір мұнда 70-ке тарта отбасы қыстап отыр. Жазда тұрғындар саны бұдан да көбейеді.
“Заряның” көшелері тар. Қос қапталда үйілген қар. “Көктемде жол ми батпақ болады” дейді тұрғындар.
Өскемендегі емханалардың бірінде дәрігер болып істейтін Маржангүл Қапашева үйінің дәл іргесіне үйілген қарды көрсетіп: «Мынау ерігенде аулаға топан су қаптайды. Белуардан су кешіп, батпаққа батамыз» деді.
Үйінің алдында жедел жәрдем көлігін күткен зейнеткер Үмия Тұрақбаеваны әңгімеге тарттық.
«Ауызсуды қойып бақшалық су жоқ. Әркім өзі қазып алған құдықтан ішіп отыр. Жолдың сиқы мынау, қар кетсе ой-шұңқыры шығады, жаңбыр жауса батпақ. Көше қараңғы. Қаңғыған ит көп. Бала-шаға мектептен қайтқанда қорқамыз» деді ол.
Жарты сағаттан астам уақыт тұрғанда жедел жәрдем әлі келмеген еді. Біз ары қарай жүріп кеттік.
Былтыр күзде Тоғас көшесінің бойына орнатылған бағдаршам. «Қараңғыда жаяулар жолымен өтіп бара жатқан 19 жастағы бозбаланы абайсызда көлік қағып, мерт қылды. Осы оқиғадан соң халық шулап, жолды жауып тастады. Өскеменнің әкімі келді, елмен сөйлесті. Ертеңінде бағдаршам қойып, көшеге шам орнатты”, деді Маржангүл Қапашева.
Тоғас көшесінің қос қапталын алып жатқан саяжайлардың оқушыларын Ахмер мектебіне тасымалдайтын арнайы автобус. Екінші ауысымда оқитын балаларды кешке үлкендер «Жай төбе» аялдамасынан кезекпен күтіп алып, үй-үйге таратады. Өйткені көше қараңғы.
Өскеменнің батысында, Ертіс өзенінің жағалауында «Заря», «Родничок», «Изумруд», «Восток», «Сетевик», «Дружба», «Звезда» қатарлы 30-ға тарта бау-бақша серіктестігі бар. Бұл саяжайлардың халқы неше жылдан бері сарқын судың жағымсыз иісін жұтып өмір сүріп жатыр. Осы төңіректе қаланың кәріз суын тазартатын мекеме орналасқан.
Қала шетіндегі саяжайларда тұрып жатқан қалың елдің қабырғасына батқан мәселелердің бір парасы осындай. “Бау-бақша серіктестіктеріне тұрғын аумақ мәртебесі беріліп, заңға өзгертулер енгізілсе, қордаланған проблемалар шешімін табар еді” дейді жұрт. “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұрғындарының арман-тілегі жоғарыға жетер деп үміттенеміз.
Фото: F16.kz




