Жарияланды: 19:00, 27 февраль 2025
Басты / Не жаңалық? / Әлеумет / АЙДАРЛАР

Жастар саясаты: Шығыстағы жаңа мүмкіндіктер алаңы

Шығыс Қазақстан облысында жастарға білім алу, жұмысқа орналасу, әлеуметтік белсенділік пен жеке дамуға кең мүмкіндіктер жасалып, мемлекеттік жастар саясаты белсенді түрде жүзеге асырылуда. Өңір халқының 24%-ын құрайтын 14 пен 35 жас аралығындағы жастар – қоғамның қозғаушы күші. Олардың дамуына бағытталған бастамалар аймақтың болашағын айқындайтын басты факторлардың бірі.

Білім – табысты болашақтың іргетасы

Жастардың сапалы білім алуы – басты басымдық. Өңірдегі үш жоғары оқу орны мен 36 колледжде 31 581 студент білім алуда. Гуманитарлық және техникалық мамандықтардың кең таңдауы жастарға кәсіби жолын табуға мүмкіндік береді. Әсіресе, шетелдік студенттерді тарту халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда маңызды рөл атқарады. Бүгінде Ресей, Моңғолия, Қытай және Үндістан сынды 17 елден келген 275 студент ШҚО-да білім алуда.

– Білім – өңірдің болашағының негізі. Біз жастарға тек білім беріп қана қоймай, оны өмірде қолдану мүмкіндігін жасау маңызды екенін түсінеміз. Университеттер мен колледждер кадрларды даярлауда маңызды рөл атқарады, – дейді ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.

«Серпін» бағдарламасы жастардың еңбек мобильдігін арттыруға бағытталған. Қазіргі таңда 588 студент осы бағдарлама аясында білім алуда. Бағдарламаны қайта жандандыру сапалы мамандар даярлауға ықпал етпек.

Жұмыссыздықпен күрес және жұмыспен қамту

Өңірде жастар жұмыссыздығы республика бойынша ең төмен көрсеткіштердің бірі – 3,7%-ды құрайды. 2024 жылы 10 000-нан астам жаңа жұмыс орны құрылып, оның 2 935-і Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылды. Ұлттық жобалар аясында 6 495 жас жұмыспен қамтылып, олардың 4 130-ы тұрақты жұмысқа орналасты.

Жас мамандар үшін субсидияланған жұмыс орындары ерекше қолдау болуда. Кәсіптік оқыту бағдарламасы бойынша 326 жас сұранысқа ие дағдыларды меңгеріп, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маманға айналды.

Бизнеске алғашқы қадам

Жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында 100 млн теңгеден астам қаржыға 71 грант бөлінді. «Білікті маман» жобасы аясында 2 000-нан астам жасқа білім гранттары берілді. «Zhas Project» бағдарламасы шеңберінде 14 табысты жоба жүзеге асырылып, көптеген жас кәсіпкерлер өз ісін бастауға мүмкіндік алды.

Әлеуметтік осал топтағы жастар үшін де ерекше қолдау қарастырылған. Жалпы сомасы 1,5 млн теңгеден асатын 216 грант өз кәсібін дамытуға бағытталған.

Әлеуметтік белсенділік және волонтерлік

Қоғамдық өмірде белсенділік танытатын жастар саны артып келеді. Өңірде 2 000-нан астам еріктіні біріктіретін волонтерлік фронт-офис жұмыс істейді. 14 жастар ресурстық орталығы жастардың кәсіби және жеке дамуына қолдау көрсетеді.

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы ауылдық жерлерде жұмыс істегісі келетін жас мамандарға қолдау көрсетеді. 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін 133 жасқа 1 млрд теңгеден астам жеңілдетілген несие берілді.

Болашаққа бағыт

2025 жылы жастар үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, кәсіптік оқыту бағдарламалары кеңейтіледі. Жастар саясаты білім, жұмысқа орналасу, кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік белсенділік бағытында кешенді шараларды қамтиды.

– Шығыс Қазақстан жастарының әлеуеті жоғары. Әрбір жас азаматтың өз идеяларын жүзеге асыру мүмкіндігі болуы керек. Біз бұл үшін барлық жағдайды жасап, жастардың білім алуына, кәсіпкерлікпен айналысуына және әлеуметтік бастамаларын қолдауға басымдық береміз, – дейді Ербол Нұрғалиев.

Шығыс Қазақстан облысы – жастар саясатын жүзеге асырудың табысты үлгісі. Мемлекеттік қолдау мен жастардың белсенділігі үйлескенде, өңірдің болашағы жарқын болмақ.

Фото: ШҚО ішкі саясат басқармасы

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)