Бірлікке бастар жол: ҚХА-ның 30 жылдағы бастамалары

Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) 30 жылдық мерейтойы аясында елімізде бірқатар ауқымды бастамалар жүзеге асырылып, этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған жобалар іске асырылуда.
Этносаралық келісімді нығайтуға арналған іс-шаралар
2024 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі этносаралық келісімді дамыту, қақтығыстардың алдын алу және этномедиацияны ілгерілету мақсатында кешенді шаралар легін қолға алды. Осы бастамалардың бірі – 1 наурызда «Алғыс айту» күніне орай ұйымдастырылған республикалық телекөпір. Оған 1000-нан астам адам қатысып, «Қайырымдылық керуені» республикалық акциясы мен «Шаңырақ» шығармашылық байқауы өткізілді.
ҚХА сессиясы және марафондар
Жылдың маңызды оқиғаларының бірі – 25 сәуірде өткен ҚХА-ның «Бірлік. Жасампаздық. Прогресс» атты XXXIII сессиясы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық еткен жиында қоғамдық келісімді сақтау мен этносаралық тұрақтылықты нығайту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, 28 сәуірде ұйымдастырылған «Бірлік жүгірісі» жартылай марафонына 15 өңірден 15 мың адам қатысты.
«Жомарт жан» қоғамдық орталықтарының қызметі
2024 жылы ҚХА жанынан құрылған «Жомарт жан» қоғамдық орталықтары волонтерлік және қайырымдылық жобаларды жүзеге асыруда белсенділік танытты. Орталықтар төрт негізгі бағыт бойынша жұмыс атқарады:
-
Мектепке жол: Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды мектеп құралдарымен қамтамасыз ету.
-
Жүректен жүрекке: Табиғи апаттар мен төтенше жағдайлар кезінде гуманитарлық көмек көрсету.
-
Мейірім: Инклюзивті топтар мен әлеуметтік осал азаматтарды қолдау.
-
Қамқор: Спорттық және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту.
Өткен жылы «Жомарт жан» орталықтарының бастамасымен мұқтаж азаматтарға 1,3 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілді.
Этномедиация және кадрларды даярлау
Қақтығыстардың алдын алу мен этносаралық қатынастарды реттеудің тиімді құралы ретінде этномедиацияны дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 2024 жылы 233 кәсіби этномедиатор даярлықтан өтті, ал 1 207 адам семинарлар мен тренингтерге қатысты.
Қоғамдық бірлестіктердің жұмысы
ҚХА-ның қоғамдық құрылымдары – Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, «Ассамблея жастары», Журналистер клубы, Ғылыми сарапшылар кеңесі және басқалар белсенді жұмыс атқаруда. Еліміз бойынша 35 Достық үйінде 1000-нан астам этномәдени бірлестік қызмет етуде. 2024 жылы бұл орталықтарда 2 757 іс-шара ұйымдастырылып, 300 мыңға жуық адам қатысты.
2025 жылға жоспарлар
ҚХА-ның 30 жылдық мерейтойына орай 400-ден астам ірі іс-шара өткізу жоспарланған. Сондай-ақ, ҚХА Антологиясы мен мерейтойлық медаль шығару қарастырылған. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, этносаралық келісім саласындағы мамандарды даярлау және мемлекеттік тілді этносаралық қатынас тілі ретінде қалыптастыру басты басымдықтардың бірі болып қала береді.
Қазақстанда қоғамдық келісім мен этносаралық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған жұмыстар алдағы жылдары да жалғасын таппақ.




