Шығыстың үздік фотосуретшісін National Geographic та мойындады
National Geographic Qazaqstan журналы қыркүйекте KÖZTARTAR фотобайқауын жариялаған болатын.
Бұл байқауда Шығыс Қазақстанның фотосуретшісі Тілеубек Шаяхмет жеңімпаз атанды, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Аталмыш байқауды National Geographic Qazaqstan «HONOR» компаниясымен бірлесіп ұйымдастырған екен.
Оның шарты бойынша қатысушылар табиғаттың тамаша көріністерін камераға түсіріп, суретті инстаграм желісіне #koztartar хэштегін жаза отырып тарату керек.
Қазылар алқасы суреттердің көркемдік құндылығы мен түпнұсқалығына назар аударды.
Байқауға ұсынылған суретті фотосуретшінің жеке парақшасынан көруге болады.
Тілеубек Шаяхмет – белгілі фотограф, республикалық «Фотоөнер» ҚБ-нің, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Қазір Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде фотосуретші болып қызмет атқарады. Бұған дейін көп жыл облыстық «Дидар» газетінде фототілші болған.
Фотожурналистика саласында еңбек еткен уақыттан бері бірнеше фотоэкспедицияларға, фотокөрмелерге қатысты. Жетістіктерінің ең негізгілерін атап өтсек: 2018 жылы «Астана әлем фотографтарының көзімен» атты халықаралық фотофестиваліне қатысып «Болашаққа көзқарас» атты номинациясы бойынша марапатталды. 2019 жылы «Киелі Алтай: Берел-2019» фотоблог турдың ұйымдастырушыларының қатарында болады. Әр экспедициядан соң ұйымдастырылған көрмеге қойылған суреттері көрерменнің ықыласын ерекше аударды. Ал фотобайқауларда жүлделі бірінші орындардан түсіп көрмеген. 2018 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімі сыйлығының иегері атанды. Сол жылы Журналистер Одағының Рақымжан Ханалы атындағы арнайы жүлденің иегері болды.