Үздік спектакль – «Болмаған балалық шақ»
Еліміздің маңдайалды театрлар ұжымы Өскеменде бас қосты. Балалар әдебиетінің классигі, көрнекті жазушы Бердібек Соқпақпаевтың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХХ республикалық фестивальі өтіп, күні кеше мәресіне жетті.
Бес күнге созылған театрлар фестивалінде он театр өнер көрсетіп, әділқазылардың шешімімен үздіктері анықталды. Театр шымылдығы «Менің атым Қожа» қойылымымен ашылып, «Көзіме бір көрінсең, бала ғашық» көрінсімен жабылды. Иә, екеуі де мерейтой иесі Бердібек Соқпақпаевтың шығармасы негізінде сахналанған. Сөйтіп, жабылу салтанатында Қазақстанның төрт бұрышынан жиналған театр әртістері марапатталып, қошемет көрсетілді.
Сонымен, үздіктер кімдер? Әр номинация аталған сайын залға жиналған көрермен қол соғып, қиқу қосып отырды. Сахнаға шыққан әртістердіің құшақтары гүлге толып, ақшалай сыйлықтарға ие болып жатты. Айтпақшы, әділқазылар алқасы «Ең үздік әйел образы» мен «Ең үздік ер адам образы» аталымдарын тізімнен алып тастапты. Тегі, үздіктерді көре алмаса керек.
Ал «Екінші пландағы үздік әйел» рөлі Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының әртісі Әлихан Ыдырышеваға берілді.
«Екінші пландағы үздік ер адам» аталымы бойынша Неміс драма театры қойған «Wolgakinder» спектакіліндегі Васька рөлін ойнаған Заңғар Ахметқазыға ұсынылды.
«Үздік режиссерлік шешім» номинациясы бойынша Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры марапатталып, 1 млн 500 теңгенің сертификаты табысталды.
«Бердібек Соқпақпаев атындағы арнай сыйлық» номинациясына «Менің атым – Қожа» қойылымы лайық деп табылды. Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театры.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің арнайы сыйлығы, яғни 2 млн 500 мың теңге «Қар қызы» қойылымын сахналаған ШҚО драма және оперетта театрына берілді.
Жүзден жүйрік шыққан Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры еді. Ақберен Елгезектің шығармасы негізіндегі «Болмаған балалық шақ» қойылымы «Үздік спектакль» номинациясын жеңіп алып, көпшіліктің құрметіне бөленді.
Көңілді кеште жергілікті өнерпаздармен бірге жас әнші Қобыланды Болат өнер көрсетті.