Қазақстанда экологиялық марафон басталады

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында биылғы 21-26 сәуір аралығында елімізде ауқымды іс-шаралар өтеді, деп хабарлайды F16.kz.
Тақырыптық апта Астанада «Таза Қазақстанның» алғашқы жартыжылдық қортытындысына арналған республикалық экофестивальмен басталады. Оған еріктілер, белсенділер, стартаперлер және ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар өкілдері қатысады деп жоспарланып отыр.
Осы шара аясында «Үздік экологиялық білім беру мекемесі», балалар арасында суға ұқыпты қарау тақырыбында сурет салу, «Жасыл университет» (экология және орнықты даму саласындағы ғылыми жобалар мен білім беру бағдарламалары үшін), «Үздік экологиялық стартап жоба» республикалық конкурстарының жеңімпаздары марапатталады.
Эстафетаны еліміздің өңірлері де қабылдайды. Апталық аясында қалалар мен ауылды жерлерде 200-ге жуық түрлі экологиялық іс-шаралар өтеді. Соның ішінде «Таза аймақ», «Таза су айдындары», «Таза бейсенбі», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Мөлдір бұлақ» және тағы басқа тазалық акциялары ұйымдастырылады.
Апталық жалпыреспубликалық сенбілікпен түйінделеді. Елді мекендерді көгалдандыру бойынша ауқымды акция аясында 20 мың көшет отырғызу көзделген.
Бүгінде «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасына қатысушылардың саны 6 миллионнан асты, бұл – әрбір үшінші қазақстандық. Акция асында 1,8 млн га аумақ тазартылып, 1,1 млн тонна қоқыс жиналды, 1,6 млн-нан астам жасыл желек отырғызылды, 5 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра нысандары қалпына келтірілді.
Айта кету керек, «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы экологиялық іс-шаралар тұрақты негізде жалғасып, қатысушылардың саны артып келеді. Оның басты мақсаты - тұрақты экологиялық мәдениет пен жауапкершілікті қалыптастыру, экологиялық сауаттылық деңгейін арттыру, сондай-ақ табиғи ресурстарды басқарудың заманауи тәсілдерін енгізу.
Фото: akimatoskemen




