Жеңіс жалыны сөнбейді: Өскемен халқы ерлікке тағзым етті

Өскеменде Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар өтіп жатыр, деп хабарлайды F16 тілшісі.
Сондай шаралардың бірі бүгін облыс орталығындағы Жеңіс мемориалының маңында ұйымдастырылды.
Дәлірек айтсақ, бұл күні жүздеген қала тұрғыны мен қонақтары мемориал жанындағы Жеңіс саябағында батырларды құрметтеу және обелиске гүл шоқтарын қою рәсіміне жиналды. Мерекелік іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов та қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол соғыс ардагерлеріне және тыл еңбеккерлеріне сонау отқа оранған жылдардағы жанкештілігі мен батылдығы үшін алғыс айтып, бүгінде батырларды ерлігін ұмытпау аса маңызды екенін атап өтті.
Әрі қарай жиналған қауым қан майданда жеңіс үшін жанын пида еткен боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, мемориалға гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.
Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шара қаланың өнер ұжымдарының концертімен аяқталды.
Нұржан Кенжеұлы
Фото: Дана Әбдікәрім




