ШҚО-ның жоғары оқу орны арнайы аталыммен марапатталды

Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінің «Жасыл университет» аталымына ие болды, деп хабарлайды F16.kz.
Бүгін, 21 сәуірде жалпыұлттық экологиялық қозғалыс аясында «Таза Қазақстан» ауқымды экофестивалі өтті. Айтулы шараға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, экологиялық сананы қалыптастыру мен табиғатқа жауапкершілікпен қараудың ел болашағы үшін маңыздылығын атап өтті.
Фестиваль аясында 2024 жылғы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының қорытындысы шығарылып, қоршаған ортаны қорғауға елеулі үлес қосқан белсенді азаматтар мен ұйымдар марапатталды. Әсіресе, еріктілердің еңбегі жоғары бағаланып, олардың бастаманы жалпыхалықтық қозғалысқа айналдырудағы рөлі ерекше аталды.
Марапатталғандар қатарында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті де бар. Жергілікті оқу орны экологиялық жобаларды іске асыруы, тұрақты даму бағытындағы білім беру бағдарламалары және экологиялық ойлау жүйесін қалыптастырудағы белсенділігі үшін «Жасыл университет» номинациясын жеңіп алды.
Бүгінде университетте ондаған ғылыми жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар қоршаған ортаны қорғауға, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға және «жасыл» технологияларды енгізуге бағытталған.
«Таза Қазақстан» фестивалі – елімізде экологиялық жауапкершілік мәдениетін және тұрақты өмір салтын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болды.
Экологиялық акция Өскемен қаласында тұрақты түрде өткізіліп келеді және оған қатысушылар қатары жылдан-жылға артып отыр. Іс-шара аясында челлендждер, байқаулар мен флешмобтар ұйымдастырылады. Жақында ғана облыс орталығында «Таза ойындар» өтті. Аталған шараға 21 команда құрамында қаланың тазалығына бейжай қарамайтын 80-ге жуық белсенді қатысты. Олар қалдықтарды жылдам сұрыптау мен жинау бойынша сынға түсті. Нәтижесінде 280 қап қоқыс, 186 кг ірі көлемді қатты қалдық және 265 кг ескі шиналар жиналып, шығарылды.
Фото: ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметі




