ШҚО-да мамыр мерекелері қалай тойланады?

Шығыс Қазақстан облысында Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні мерекесі мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар легі сәуірдің соңында басталып кеткен. Мамыр айындағы мерекелерге орай өңірде 100-ден астам өткізу жоспарланыпты, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Бүгінде облыс орталығында ғана емес, әр ауданда мерекелік шаралар жалғасып жатыр. Бағдарлама аясында концерт, фестивальдер, квест ойындары, ардагерлермен және әскери қызметкерлермен кездесулер, сондай-ақ балалар мен жастарға арналған патриоттық акциялар өткізу көзделген.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні Өскемендегі Республика алаңында облыс әкімі қатысатын Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы өтеді. Сол күні қала тұрғындары үшін «Студенттік көктем» фестивалі, Ертіс өзенінде серуен, «Дос-Мұқасан» фильмінің көрсетілімі, көрмелер, шеберлік сабақтары және субұрқақтардың ашылуы жоспарланған.
3 мамыр күні Оралхан Бөкей атындағы кітапханада интеллектуалдық және спорттық квест ойыны, көшпелі концерт және Ұлы Отан соғысы батырларына арналған іс-шаралар өтеді. Бұған дейін көшпелі концерттің бағыттарын жариялаған болатынбыз.
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Өскеменде Кеңес Одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді. Аудандарда да әскери қызметшілермен кездесулер, спорттық жарыстар мен концерт ұйымдастырылады. Ұлан ауданында Батырлар аллеясы мен партизан Қасым Қайсенов бейнеленген муралдың салтанатты ашылуы өтеді. Іс-шараға оның ұлы – Болат Қасымов қатысады.
8 мамыр күні Өскемен әуежайында ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Астанада өтетін әскери парадқа қатысатын Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрметін білдіреді.
9 мамыр – Жеңіс күні. Бұл күні Өскемендегі Даңқ мемориалында гүл шоқтарын қою, күндізгі және кешкі концерт, «Шырақ жақ» атты еске алу акциясы өтеді. Облыс бойынша «Жеңіс лентасы», «Ұлы Жеңіс ұмытылмайды» сияқты патриоттық іс-шаралар, ардагерлермен кездесулер, кино көрсетілімдері, концерт пен викториналар ұйымдастырылады. Балалар мен жасөспірімдерге арналған квест ойындары, сурет байқаулары, веложарыстар және патриоттық ойындар өтеді.