Әскери қызметшілер ардагерлерге құрмет көрсетті – ШҚО

Өскемен гарнизонының бастығы, 27943 әскери бөлімінің командирі полковник Азамат Абикеновтің бастамасымен Шығыс Қазақстан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері, әскери полиция қызметкерлері және ШҚО аумақтық бригадасының әскери қызметшілері тыл және соғыс ардагерлерін Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады, деп хабарлайды F16.kz тілшісі
Іс-шара барысында ардагерлерге Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі атынан алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Атап айтқанда, Өскемен гарнизонының бастығы, полковник Азамат Абикенов соғыс ардагерлері Михаил Головатюк пен Иосиф Зуевке, ШҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, подполковник Арман Қожамқұлов тыл ардагерлері Александра Саратовцева мен Анастасия Светочеваға, Өскемен қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы, полковник Данияр Алтайбаев ардагерлер Евгений Волощенко мен Құрмат Рахимовке, 99230 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Қанат Тұрағұлов ардагер Макар Харинге арнайы барып, ілтипат көрсетті.
Ұрпақ жадында өшпес ерліктің символына айналған ардагерлерге көрсетілген бұл құрмет – бейбіт өмірдің бағасын білу мен Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің айғағы.




