ШҚО-да ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталығы ашылады

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосыновпен, «Baquatty aimaq qory» қорының өкілдері — Г.Абельдинова және А.Еркіновамен жұмыс кездесу өткізді, деп хабарлайды F16.kz.
Кездесудің мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар балаларға, соның ішінде аутистік спектр бұзылыстары бар балаларға арналған оңалту және дамыту орталығын құру жобасын іске асыруға байланысты өзекті мәселелерді талқылау.
Кездесу барысында Ұлан ауданының Бозанбай ауылында орналасқан «Халыққа әлеуметтік қызмет көрсетудің аумақтық орталығы» КММ ғимаратындағы жөндеу жұмыстарының барысы қаралды. Сондай-ақ, болашақ орталықтың толыққанды жұмыс істеуіне қажетті қосымша мамандандырылған кабинеттерді орналастыру үшін босатылған амбулаториялық үй-жайларды қайта жабдықтау мүмкіндіктері зерделенді.
Жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төртінші Ұлттық құрылтайда айтқан тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда және әрбір облыс орталығында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оңалтуға, оқытуға және дамытуға арналған заманауи инфрақұрылым құруға бағытталған.
Аталған жобаның жүзеге асырылуы айтарлықтай әлеуметтік маңызға ие, инклюзивті қолдау жүйесін нығайтуға ықпал етіп, өңірдегі отбасылар үшін арнайы қызметтердің қолжетімділігін едәуір арттырады.