ШҚО-да мектептер салынып, ауруханалар ашылып жатыр

Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. 2023 жылдың басынан бері өңірде 46 нысан пайдалануға берілді, оның 18-і 2023 жылы, 25-і былтыр және үшеуі биылғы алғашқы тоқсанда ашылды, деп хабарлайды F16.kz.
Кейінгі екі жылда білім беру саласын дамыту аясында 10 мектеп салынды. Оның бесеуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Риддер, Шемонаиха, Өскемен қалаларында және Белоусовка кентінде бой көтерді. Бұл білім ордаларының жалпы сыйымдылығы – 2100 орын.
Сондай-ақ Өскемен және Зайсан қалаларында екі мектеп ашылды, тағы екеуі биыл жазда Өскемен қаласы мен Опытыное поле ауылында қолданысқа беріледі.
2023 жылдан бері ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында Зайсан, Тарбағатай, Катонқарағай, Күршім, Үлкен Нарын, Марқакөл, Шемонаиха және Алтай аудандарында 31 медициналық мекеме ашылды. Жыл соңына дейін тағы үш ірі медициналық нысан іске қосылады: Гематология орталығы, Қасым Қайсенов кентіндегі емхана және Риддердегі аурухана кешені.
Биыл өңірде алты спорт нысаны ашылады: төрт денешынықтыру-сауықтыру кешені, Айнабұлақ ауылында (Зайсан ауданы) спорт модулі және Согра кентінде (Өскемен) тау шаңғысы базасы.
2023 жылдан бері ШҚО-да 755,2 мың шаршы метр тұрғын үй салынды және пайдалануға берілді, бұл шамамен 6 мың пәтер. Оның ішінде әлеуметтік жағынан осал топтарға 1 065 пәтер сатып алынды. Оның 628-і «Бір қабатты Шығыс» аймақтық бағдарламасы аясында салынды.
Биыл тағы 380 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 480 пәтер сатып алынады. Оның 108-і мемлекеттік бағалы қағаздар есебінен қаржыландырылады.
2023 жылдан бастап жаңа құрылыс аудандарында 183,3 км инженерлік желі тартылып, 23 нысан пайдалануға берілді. Биыл тағы сегіз жоба жүзеге асырылады, соның ішінде жылу желілерін қайта құру, жаңа тұрғын аудандарға электр энергиясын жеткізу жұмыстары бар.
Осы жылдың соңына дейін қаржыландыру уақытында бөлінсе, ШҚО-да 28 нысанның құрылысы аяқталады. Олар: мектеп, медициналық және спорттық мекемелер, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылым жобалары.
Фото: ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметі




