Ләззат Қанатқызы
Жарияланды: 15:03, 15 май 2025
Жаналықтар

ШҚО: 13 учаскеде сел қаупі бар

Шығыс Қазақстан облысында сел жүру қаупі жоғары кезең басталды, деп хабарлайды F16.kz тілшісі. 

Облыс бойынша барлығы 13 учаскеде сел жүру қаупі бар. Олар Катонқарағай, Зайсан, Алтай аудандарында және Риддер қаласында орналасқан. 

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті таратқан ақпаратқа сүйенсек, аталған аудандарда таудың жоғары жақтарында 11 елді мекенге қауіп төндіретін 144 мореналық көл пайда болған. «Қазселденқорғау» ММ мамандары көлдердің жай-күйін бақылап отырады. 

Сонымен қатар 9 учаскеде, атап айтқанда Громотуха және Уба – Риддер, Бұқтырма, Хамир, Черновая – Алтай ауданы, Бұқтырма – Катонқарағай ауданы, Кендірлік – Зайсан ауданында көшкін қаупі бар. 

Қауіпсіздік мақсатында сел жүру қаупі бар учаскелерде 20 ескерту және тыйым салу қалқаны, көшкін қаупі бар учаскелерде 18 қалқан орнатылды. Көшкін және сел жүруі мүмкін аудандардың жергілікті атқарушы органдарына, кәсіпорын басшыларына және жеке үй иелеріне ескерту парақшалары таратылды, - делінген ШҚО әкімдігі таратқан ақпаратта.

Сел мен көшкін жағдайына мониторинг жүргізу үшін 9 маусымдық гидропост және жыл бойы жұмыс істейтін 1 гидропост орнатылған.

ШҚО ТЖД және «Қазселденқорғау» ММ ШҚО филиалының мамандары тұрғындарға сел, көшкін жүру қаупі жоғары кезеңде тауға шығуға болмайтынын ескертеді.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)