Жатыр мойнының ісігінен жыл сайын 300 мың әйел көз жұмады

Елімізде Республикалық репродуктивтік денсаулық апталығы аясында халықты адам папилломасы вирусы, оның салдары және алдын алудың мүмкіндіктері туралы ақпараттандыруды арттыруға бағытталған іс-шаралар өткізіліп жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, биылғы мамырдағы жағдай бойынша 11–13 жас аралығындағы 138 469 қыз АПВ-ға қарсы вакцинаның алғашқы дозасын алса, 44 956 қызға екінші дозасы салынды.
Жатыр мойны обыры әйелдердің арасында кең таралған онкологиялық аурулардың бірі болып қалып отыр. Жыл сайын әлемде осы диагноздан шамамен 300 мың әйел көз жұмады. Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының шамамен 2 мың жаңа жағдайы тіркеледі.
Жатыр мойны обырының дамуының негізгі себебі — жоғары онкогендік қауіпті адам папилломасы вирусының 16-шы және 18-типтері. Сондықтан уақтылы профилактика, әсіресе вакцинациялау, аса маңызды.
Вакцина тұрақты иммунитет қалыптастырып, болашақта аурудың дамуының алдын алуға мүмкіндік береді.
АПВ-ға қарсы ұлттық вакцина салу бағдарламасы былтыр 1 қыркүйекте басталып, жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Бағдарлама 11–13 жас аралығындағы қыздарды қамтиды және халықаралық стандарттар мен ұсынымдардың негізінде іске асырылып жатыр.
Қазақстан онкологиялық ауруларды төмендету және әйелдер денсаулығын сақтау мақсатында бұл практиканы енгізген 135 елдің бірі болды.
Фото: F16.kz/жасанды интеллект




