Enbek.kz-те белсенділік артты: негізгі трендтер қайсы?

Биылғы сәуірде Enbek электронды еңбек биржасында (ЕЭБ) жұмыс берушілер де, іздеушілер де белсенді болды. Электронды порталға 97,5 мың бос жұмыс орны жөнінде хабарландыру, 115 мың түйіндеме жарияланды. Наурыз айымен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны 17,3 мыңға (+22%), ал түйіндеме саны 19,7 мыңға (+21%) өсті, – деп хабарлайды F16.kz.
Еңбекке сұраныс құрылымында біліктілік деңгейі орташа мамандарға бос жұмыс орындары көп – 46%. Жоғары білікті кадрларға сұраныс жалпы бос жұмыс орындарының 31%-на тең, ал бос жұмыс орындарының 23%-ы біліктілік дәрежесін талап етпейді. Осылайша бейінді мамандарға сұраныстың жоғары деңгейімен орта буын мамандарына деген қажеттілік тұрақты түрде сақталды.
БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ҚАЙ ӨҢІРДЕ КӨП?
Өңірлік бөліністе бос жұмыс орындар санының ең көп өсуі Ақмола (+59%) және Түркістан (+55%), сондай-ақ Абай облыстарында (+53%) тіркелді. Көрсеткіштердің шамалы төмендеуі Жетісу және Ұлытау облыстарында (-10%) байқалды. Түйіндеме санының ең көп өсімі Абай өңірінде (+47% немесе 1,2 мың), Батыс Қазақстан (+43% немесе 1,8 мың), Атырау (+29% немесе 1,7 мың) және Павлодар (+29% немесе 0,8 мың) облыстарында байқалды.
Гендерлік құрылым бойынша түйіндеменің 57%-ы әйелдерден, 43%-ы ер адамдардан түскен. Жас бөлінісінде 18-35 жас аралығындағы (45,6%) жұмыс іздеушілер басым, одан кейін 36-45 жас (27,5%), 46-55 жас (16,1%) және 55 және одан жоғары (10,8%) топтар. Бұл деректер жастардың еңбек нарығында ұсынысты қалыптастыруға белсенді қатысуын көрсетеді.
ЕҢ ЖОҒАРЫ ЖАЛАҚЫ ҚАЙ САЛАДА?
Ең жоғары жалақы келесі салалар бойынша сұралып отыр: ауылдық елді мекендердің басқару органдарындағы бас маман – 1 млн 955 мың теңгеден бастап, өңдеу өнеркәсібіндегі комплеанс жөніндегі маман – 1 млн 100 мың теңге. Бұл ретте жекелеген жұмыс іздеушілердің жалақы жөніндегі талабы осы мәндерден асып түсті: басшы лауазымдарға үміткерлер мен IT-дизайн саласындағы мамандар қажетті табыс деңгейін шамамен 9 млн теңге, бас директордың позициясына 8 млн теңге шамасында көрсеткен.
Биылғы сәуір айы іскерлік және экономикалық белсенділіктің өсуімен, орта біліктілік деңгейіндегі бос жұмыс орындарына қызығушылықтың артуымен, сондай-ақ еңбек нарығында тұрақты жас және гендерлік құрылымның сақталуымен байқалды. Жалақы бойынша сұраныс пен ұсыныста әртүрлі деңгей сақталды.
Фото: gov.kz




