Үнсіз қауіп: Қан қысымын қадағалау неге маңызды?

Бүгін, 17 мамыр – дүниежүзілік Артериялық гипертонияға қарсы күрес күні. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметінше, әлемде 30-дан 79 жасқа дейінгі 1,28 миллиардтан астам адам гипертониямен ауырады, сонымен қатар пациенттердің шамамен 46%-ы өз диагноздары туралы білмейді.
Бұл – жүрек-қан тамырлары аурулары мен мезгілсіз өлімнің ең қауіпті әрі кең таралған қауіп факторларының бірі.
Қазақстанда биылғы бірінші тоқсанда, қанайналым жүйесі аурулары құрылымында артериялық гипертензия диагнозы бар пациенттердің үлесі 47,7% болды. Сырқаттанушылықтың артуы негізінен халықтың скринингпен көбірек қамтылуымен байланысты. Аурудың бастапқы кезеңінде ешқандай белгілер болмайды, алайда медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында жүргізілетін қан қысымын өлшеу, ЭКГ түсіру және зертханалық талдаулардың арқасында пациенттер дер кезінде ем қабылдай бастайды және қажет болғанда диспансерлік есепке алынады.
Былтыр скринингтен 1,9 миллионға жуық адам өтті, нәтижесінде 104 мыңнан астам жаңа гипертония жағдайы анықталып, олар тұрақты бақылауға алынды.
Еуропалық гипертония қоғамының ұсынымдарына сәйкес:
* Артериялық қысымның нысаналы деңгейі – 140/90 мм сын. бағ. төмен болуға тиіс;
* Емдеу өмір салтын өзгертуді (тұз тұтынуды азайту, темекі мен алкогольден бас тарту, физикалық белсенділік) және қажет болған жағдайда дәрі-дәрмекпен емдеуді қамтиды.
Денсаулық сақтау министрлігі халықты артериялық қысымын бақылауға, профилактикалық қарап-тексерулерінен тұрақты түрде өтуге және емдеуші дәрігердің ұсынымдарын орындауға шақырады.
Фото: pixabay.com




