Бұрынғы вице-министр Қожағапанов 3 жылға сотталды

Бүгін Астанада бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды F16.kz.
Астананың қылмыстық істер жөніндегі соты Е.Қожағапановты қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Екінші айыпталушы SUCCESS K стратегиялық коммуникациялар агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзова 5 жылға сотталды.
Сот Ерлан Қожағапановтан келтірілген шығынды өндіруден бас тарту және Ләззат Көккөзовадан 1 миллиард теңгеден астам материалдық шығынды өтеу жөнінде шешім шығарды.
Айыпталушы екі тұлғаға 2018 жылы Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыру кезінде бюджет қаржысын жымқырды деген айып тағылған.
Бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Қылмыстық кодекстің 361-бабы, 4-бөлігі, 3-тармағы (қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану) бабы бойынша сотталды, SUCCESS K стратегиялық коммуникациялар агенттігінің басшысы Ләззат Көккөзова Қылмыстық кодекстің 189-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы (бөтеннің мүлкін аса ірі көлемде ұрлау) бойынша жазаға тартылды.
Фото: F16.kz/коллаж




