Президенттік жастар кадрлық резерві: төртінші іріктеу басталды

Қазақстанда Президенттік жастар кадрлық резервіне төртінші іріктеу басталды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ШҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ержан Айқымбеков өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді, деп хабарлайды F16.kz.
Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу – талантты, бастамашыл және жаңаша ойлайтын жастарды мемлекеттік басқару ісіне тартуға бағытталған ауқымды бастама.
60 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ҚАТЫСТЫ
Іріктеу биылғы маусым айынан қазанға дейін жүргізіледі. Жоба 2019 жылы іске қосылған сәттен бастап 60 мыңнан астам азамат қатысты. Солардың ішінде 400 адам резервке қабылданып, олардың 80%-ы бүгінде мемлекеттік органдар мен түрлі ұйымда қызмет атқарып жүр.
Төртінші іріктеудің ерекшелігі – салалық бағыттар бойынша пропорционалды тәсіл енгізілді. Бұл әр сала мамандарының тең ұсынылуына мүмкіндік береді.
ҚАНДАЙ ТАЛАПТАР ҚОЙЫЛАДЫ?
Кандидаттарға қойылатын талаптар өзгеріссіз қалды:
* жасы 35-тен аспауға тиіс;
* жоғары білім;
* кемінде 5 жыл жұмыс өтілі;
* қазақ тілін B1 деңгейінен төмен емес меңгеруі қажет.
Саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің «А» корпусының мүшелері мен жастар резервіне бұрын кірген азаматтар іріктеуге қатыса алмайды.
ІРІКТЕУ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛЕДІ?
1. Құжаттарды қабылдау (1–30 маусым)онлайн;
2. Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау (2–3, 9–10 тамыз);
3. Ситуациялық тапсырмаларды шешу (16–17 тамыз) – бағыт бойынша эссе жазу;
4. Құзыреттерді бағалау (22 тамыз – 3 қазан) – Мемлекеттік басқару академиясындағы ассессмент-орталық пен HR мамандарымен сұхбат;
5. Сараптамалық комиссиямен әңгімелесу (8–15 қазан);
6. Ұлттық комиссия отырысы – 50 үздік кандидаттың резервке қабылдануы туралы соңғы шешім (25 қазанға дейін).
Президенттік резерв — бұл жай ғана кадрлық тізім емес, бұл — шынайы мансаптық өсу мүмкіндігі мен мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға қатысу. Жаңа іріктеу — өзіңізді көрсетуге және ел болашағын қалыптастыратын команданың мүшесі болуға берілген бірегей мүмкіндік.
Фото: ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметі




