F16.KZ
Жарияланды: 16:30, 30 май 2025
Жаналықтар

Айыппұл немесе қамау: заңсыз ақпарат таратқандарға жаза күшейеді

Елімізде жалған ақпарат таратқандарға жаза күшейеді. Елімізде әкімшілік құқық бұзушылықтарға қатысты бірқатар шектеулер мен айыппұлдар енгізілмек, деп хабарлайды F16.kz.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы 31 наурызда Үкімет «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдап, оны Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынды.

Заң жобасы көрінеу жалған ақпарат таратуға қатысты жауапкершілікті күшейтуді көздейді. Атап айтқанда, 456-2-бапқа толықтыру енгізіліп отыр. Енді жалған ақпаратты интернетке орналастырған немесе таратқан жеке тұлғаларға (қылмыстық құрам болмаса) 20 АЕК (2025 жылы бұл шамамен 73 840 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Егер бұл әрекет бір жыл ішінде қайталанса, 40 АЕК (шамамен 147 680 теңге) айыппұл немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған.

Сонымен қатар 479-бапқа да жаңа норма қосылды. Енді ұйым басшылары немесе жауапты тұлғалар құқық бұзушылық туралы мәлімет бермегені немесе оны болдырмау шараларын қолданбағаны үшін 2 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе қызметін уақытша тоқтата тұру жазаға тартылады.

Заң жобасында көрсетілгендей, заңсыз контентке конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге шақыру, ұлтаралық, діни араздықты қоздыру, терроризм, сепаратизм, экстремизмді насихаттау, мемлекеттік құпияларды жария ету, алаяқтық пен зорлық-зомбылықты ақтау немесе үгіттеу және мемлекеттің тұтастығына күмән келтіретін кез келген мәлімдемелер жатады.

Бұл шаралар интернеттегі жалған және қауіпті ақпараттың таралуын шектеуге, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.


Фото: pixabay.com/коллаж

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)
Тағыда оқи отырыңыз: