Қостанай облысында жеке тұрғын үй өртеніп, 5 бала қаза тапты
Бүгін таңғы сағат 04.29-да Қостанай облысы Жітіқара қаласында жеке тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан шатыры опырылып түскен. Салдарынан 5 бала қаза тапты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға орнына 7 минут ішінде құтқарушылар келіп жеткенше, үй толығымен отқа оранған. Өрт сөндірушілер тез арада өртті сөндіріп, үйінділерді тазартуға кірісті. Сағат 06:08-де өрт оқшауланып, толығымен сөндірілді.
Апат кезінде үйде ересектердің қарауынсыз 2011, 2016, 2018, 2019, 2022, 2023 ж. кәмелетке толмаған балалар болған. Өкінішке қарай, үйінділерді тазарту барысында бес баланың өлі денесі табылды. Балалардың үлкені, 2011 жылы туылған бала ғана аман, зардап шекпеген.
Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың анасы кешкісін құрбысына кеткен, ал жұбайы түрмеде отыр.
Қазір оқиғаның себептері анықталуда. Өрт-техникалық зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
Апаттар медицинасы орталығы филиалының психологтары туыстарына қажетті психологиялық көмек көрсетуде.
Жергілікті атқарушы органдар тарапынан барлық қажетті көмек, соның ішінде материалдық көмек те беріліп жатыр.
Қостанай облысының әкімдігі туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.
ТЖМ тұрғындардан кәмелетке томаған балаларды қараусыз қалдырмауды сұрайды!
Фото: freepik