Ләззат Қанатқызы
Жарияланды: 12:13, 01 май 2025
Спорт / Жаналықтар

Шығысқазақстандық жас спортшылар Азия чемпионы атанды

24-30 сәуір аралығында Иорданияның Амман қаласында 15 және 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында бокстан Азия чемпионаты өтті. Қазақстан ұлттық құрамасының сапында еліміздің және облысымыздың намысын бес спортшы қорғады, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.

Алтай қаласының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері Шыңғыс Ахметов пен Темірәли Темірбаев Азия чемпионатында жеңіс тұғырынан көрініп, алтын медальмен оралды.

Айта кету керек, екі жас спортшы да Серік Сембиевтің жетекшілігімен жаттығады.

13 жастағы Шыңғыс Ахметов (U-15 санаты, 49 кг дейін) финалда Иран спортшысын айқын басымдықпен 5:0 есебімен жеңіп, қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады.

Ал оның командадағы әріптесі — 16 жастағы Темірәли Темірбаев (U-17 санаты, 52 кг дейін) Иордания өкіліне қарсы кездесуде де дәл осындай басымдық көрсетіп, жекпе-жекті 5:0 есебімен аяқтады.

Спортшыларды жеңісімен ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов құттықтады.

Шығыс Қазақстанның облысынан шыққан екі спортшы бокстан Азия чемпионатында жеңімпаз атанды. Бұл чемпионатқа Азияның түрлі елдерінен 247 боксшы қатысты. Жас спортшыларымызды керемет жетістікпен құттықтаймын! – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Бүгінді екі спортшы да спорт шеберлігіне кандидат. 

Олар бұл жетістікке қарапайым ғана аудандық спорт мектебінде табанды және жүйелі еңбек еткеннің нәтижесінде жетіп отыр.

Өскемен қаласынан аттанған Алдияр Баяндинов, Мирас Қуанышев пен Ринат Ерболұлы да рингте лайықты өнер көрсетті. Олар ширек финал сатысында жарысты аяқтағанымен, дайындықтары жоғары деңгейде екенін дәлелдеп шықты. Үшеуі де Қажымұқан атындағы мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері. Олардың дайындықтарымен тәжірибелі жаттықтырушылар — Баурбек Калек, Талант Бейсенов және Әділет Шорганов айналысты.

Азия чемпионатына оннан астам елден қатысушылар жиналды. Мұндай бәсекеде жеңіске жету спортшылар үшін оңайға соқпасы анық.

Фото: ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)