F16.KZ
Жарияланды: 16:00, 12 апрель 2025
Алтай / Басты / Жаналықтар

Жаңа Бұқтырмада қазақ мектебі ашылды - ШҚО

Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданы, Жаңа Бұқтырма кентінде 200 орындық қазақ мектебі ашылды. Білім ордасының лентасын қию рәсіміне осы өңірде жұмыс сапарымен жүрген облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты, деп хабарлайды F16.kz.


Қазір Жаңа Бұқтырмада 4207 адам тұрады, мұнда туризм саласы қарқынды дамып келеді және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға жіті көңіл бөлінген. Бүгін, 12 сәуірде кентте мемлекеттік тілде білім беретін 200 орындық №2 Жаңа Бұқтырма орта мектебі ашылды.

Мемлекет басшысы білім деңгейі еліміздің барлық өңірінде бірдей болумен қатар әр бала заманауи әрі қолайлы жағдайда білім алу мүмкіндігіне ие болуы қажет екенін атап өтті. Бұл жаңа, заманауи мектеп – жас ұрпақты тәрбиелеп, оларға сапалы білім беру үшін жасалған үлкен қадам. Біз бұл білім ордасында саналы, тәрбиелі әрі білімді азаматтар өсіп шығатынына сенімдіміз. Олар еліміздің болашағын қалыптастырады, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Облыс әкімінің айтуынша, оқу жағдайын жақсарту және оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында былтыр өңірде 10 жаңа мектептің құрылысы жүргізілді. Олардың жетеуі пайдалануға берілді, екеуі Тарбағатай ауданында оффтейк-келісімшарт бойынша салынды. Биыл тағы 13 мектептің құрылысын салу жоспарланған.

Бүгінгі таңда Жаңа Бұқтырма кентінде 114 оқушы білім алып жатыр, ал мектепке дейінгі мекемелерде 129 бала бар. Олардың 33-і биыл бірінші сыныпқа барады.

Салтанатты шарадан кейін жиылған көпшілік жаңа мектептің аумағына көшет отырғызды.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)