102 жастағы зайсандық ардагерге көлік сыйлады

Жеңістің 80 жылдығына орай Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар Зайсан ауданында тұратын 102 жастағы соғыс ардагері Зәкен Құрманқожановқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын және «Жеңістің 80 жылдығы» мерекелік медалін салтанатты түрде табыстады, деп хабарлайды F16.kz.
Сонымен қатар Зайсан ауданының кәсіпкерлері ардагерге осы салтанатты шара аясында автокөлік сыйлады. Бұл шара тек ардагердің өмір жолын құрметтеу емес, сонымен бірге Жеңістің маңызын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды.
Зәкен Құрманқожанов 1923 жылы 1 қыркүйекте Зайсан ауданында дүниеге келген. Мектепте 8 сынып білім алып, кейін колхозда жұмыс істеген. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, Мәскеу түбінде соғысқан. Майданда ерлік көрсетіп, бірнеше медаль мен орденмен марапатталған. Атап айтқанда, «Ерлігі үшін» медалі, «Қызыл Жұлдыз», «Құрмет» ордендері және басқа да әскери наградалар бар.
Соғыс аяқталған соң Зәкен ата елге оралып, ауылда жұмыс істеді. 1946 жылы жұбайы Күлсім Шоқпанайқызымен отбасын құрды. Қазір олардың 10 баласы, 28 немересі, 68 шөбересі және тоғыз шөпшегі бар. Зәкен ақсақалға Шығыс Қазақстан облысының және Зайсан ауданының Құрметті азаматы атақтары берілген.
Фото: ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметі




