Өскеменде «Өз шырағыңды жақ» акциясы өтті

Облыс орталығында Жеңіс күнін мерекелеудің дәстүрлі қорытындысы саналатын «Өз шырағыңды жақ» азаматтық-патриоттық акциясы өтті, деп хабарлайды F16 тілшісі.
Әдеттегідей, қала тұрғындары мен қонақтарының басын қосатын іс-шара «Жеңіс» мемориалдық кешенінде ұйымдастырылды. Бұл күні майдан даласынан оралмаған жерлестерін еске алуға жиналған жұрттың қарасы айтарлықтай көп болды.
Еске салайық, жылда дәстүр бойынша өскемендіктер мен қала қонақтары 7 мың 199 шырақ жағып, осылайша сұрапыл соғыста жеңіс үшін жанын қиған боздақтарының рухына тағзым жасайды. Биыл да солай болды. Мемориалдың етегінде жиналған жұрт жаққан мыңдаған шырақтан құрастырылған 80 саны жазылды. Мұндай шырақтар осы жердегі шығысқазақстандық батырлардың құрметіне қойылған әр ескерткіш тастың маңында да жағылды. Артынша мемориалға жиналған қауым Жеңіс күні құрметіне ұйымдастырылған мерекелік отшашудың куәсі болды.
Бұдан бұрын дәл осы мемориалда Жеңістің 80 жылдығына орайластылған салтанатты жиын мен мерекелік концерт өткенін хабарлаған болатынбыз.
Нұржан Кенжеұлы




