Шығыстың қалқаны: ШҚО әкімі Серебрянкадағы аңызға айналған әскери бөлімде болды

Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов еліміздегі ең танымал әскери бөлімдердің бірі – Алтай ауданының Серебрянка қаласында орналасқан №97638 әскери бөлімге барды, деп хабарлайды F16.kz.
Бүгінде бұл бөлім әскери құрылым ғана емес – ұрпақтар сабақтастығының символы, ерлік пен қайсарлық мектебі. Ол Шығыс Қазақстанның әуе шекарасын қорғап, стратегиялық міндеттерді атқарады және мемлекеттің қауіпсіздігінің тірегі болып саналады.
Ұлы Отан соғысы жылдарында жауынгерлер майдан даласында от кешіп, түрлі марапатқа ие болды, оның ішінде Суворов, Кутузов, Хмельницкий және Невский ордендері бар. Мыңнан астам жауынгер Кеңес армиясы қолбасшылығы тарапынан жеке марапаттарға ие болды. Соғыстан кейін полк бейбітшілікті қамтамасыз етуге қатысып, 1961 жылдан бастап Шығыс Қазақстан аумағында орналасып, өңірдің ірі стратегиялық нысаны – Бұқтырма СЭС-ін күзетіп келеді.
Қазір бұл бөлімде заманауи техникамен жабдықталған, жоғары жауынгерлік даярлықтан өткен, Отан алдындағы борышына адал жаңа буын кәсіби мамандар қызмет етеді. Бұл әскери бөлімді офицерлердің ұстаханасы деп атауға болады.
Аймақ басшысы бөлімнің негізгі нысандары – командалық пункт, казарма, медпунктті аралап, сарбаздармен сөйлесті. Сонымен қатар «Қаһарман» мектебіндегі әскери-патриоттық клубтың және ерікті іздестіру қозғалысы «Жарқынның» жұмысымен танысты.
Сапар соңында облыс әкімі бөлімнің асханасында сарбаздармен бірге әскери дастарханнан дәм татты. Әскер дәстүріне сай түскі асқа ботқа мен шай берілді. Бұл – Отан қорғаушылардың қызметі мен күнделікті тұрмысына деген құрметтің тағы бір белгісі.
Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі




