ШҚО-да патрульдік полицияның мобильді посты жұмысын бастады
ШҚО-дағы трассаларының бірінде патрульдік полицияның мобильді посты жұмысын бастады.
Серебрянск қаласы тұрғындарының бастамасымен, Ішкі істер министрлігінің келісімімен және облыс әкімдігінің қолдауымен «Өскемен-Алтай-Рахман қайнары» жолының қауіпті учаскесінде қауіпсіздікті арттыру және апаттылықты азайту мақсатында патрульдік полицияның мобильді бекеті жұмысын бастады, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Осинов асуының соңында орналасқан жаңа пост барлық қажетті заттармен жабдықталған: бөлмеде компьютер, стационарлық телефон орнатылған, сонымен қатар ғимараттың ішінде және сыртында тәулік бойы бейнебақылау жүргізіледі. Оған ШҚО ПД Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері тәулік бойы қызмет көрсететін болады.
Бірінші жұмыс күні пунктке Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев келіп, полицейлердің дайындығын тексерді. Өңір басшысы осы трассадағы автокөлік оқиғаларының санын ескере отырып, бекеттің қажеттілігін атап өтті.
Статистикаға сәйкес, жазғы кезеңде аталған трассада тәулігіне 20 мыңға дейін көлік жүреді, бұл жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін қосымша қауіп тудырады. Тәртіп сақшылары 8 ай ішінде осы автожолда 20 жол-көлік оқиғасы тіркелгенін, онда 6 адам қаза тауып, 40-тан астам азамат зардап шеккенін хабарлайды. Осыған байланысты полицияның кез-келген оқиғаға жедел әрекет етуі және жол қозғалысының барлық қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуі өте маңызды.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары ескі полиция бекетінің ғимаратында жылыту пунктін ашуды қарастыруда, бұл ауа-райының қолайсыздығына байланысты қиындықтарға тап болуы мүмкін жүргізушілер мен олардың жолаушыларының жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі.
Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі