Күршім көпірі ресми түрде ашылды
Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін еліміздегі ең ұзын көпір ашылды.
Көпірдің ашылуына Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов қатысты, деп хабарлайды F16.kz сайты Премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоба көлік қатынасына қатысты көп жылғы мәселені шешуге бағытталған, көпір алты ауданды – Күршім, Үлкен Нарын, Марқакөл, Катонқарағай, Тарбағатай және Зайсан аудандарын байланыстырады.
Көлік министрі Марат Қарабаев Премьер-министрге ұзындығы 1316 метр екі жолақты автомобиль көпірінің құрылысы аяқталғаны туралы баяндады. Көпір тәулігіне 80 мыңға дейін көлік өткізе алады, өткелге 18 шақырым жаңа жол тартылды. Жоба озық инженерлік технологияларды қолдана отырып және барлық сапа стандарттарына сәйкес жүзеге асырылды.
Облыс тұрғындарымен кездесуде Премьер-министр жобаны іске асыру көлік құралдарының жыл бойы қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ететінін, Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін және еліміздің көлік-логистика саласының дамуына оң әсер ететінін атап көрсетті.
Шығыс Қазақстан — маңызды көлік дәліздері өтетін стратегиялық аймақ. Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір логистикалық бағыттарды жақсартып, шекаралас елдермен үздіксіз байланысты қамтамасыз етеді.
Өз кезегінде, көпірдің ашылуына келген аймақ тұрғындары көпір су қоймасының екі жағындағы елді мекендер арасындағы көлік қатынасын едәуір жақсартатынын, бұл тұрғындардың жеңіл қатынауын қамтамасыз ететінін, тауарлар қозғалысын жеделдететінін, қызметтерге қолжетімділікті арттырып, сондай-ақ облыстың туристік әлеуетін ашуға мүмкіндік беретіні туралы пікір білдірді.
Премьер-министр ірі жобаларды жүзеге асыру барысында отандық мамандар мен мердігер компанияларды тартуға ерекше назар аударылатынына тоқталды.
Фото: primeminister.kz