«Көшербаев қайда қарап отыр?» Күршімдіктер наразылығын әлеуметтік желіде жариялады
Күршім ауданындағы Алғабас ауылының тұрғындары жол жөндеушілер «ақшаны жерге көміп жатыр!» деп күйінеді.
Әлеуметтік желіге тарап кеткен бейнежазбадағы адамның айтуынша, аудан орталығы мен аталған елді мекеннің арасындағы жолға асфальт төсеу жұмысы әбден суық түсіп, қарлы жаңбыр жауғанда басталған, деп хабардайды F16.kz тілшісі.
2024 жыл Шығыс Қазақстан облысында "Жол жылы" деп жарияланған. Соған орай облыстық және аудандық маңызы бар 600 км жол жөнделеді деп жоспарланған. Жыл соңына дейін жоспарды орындап, қаржыны игеру үшін коммуналдық қызмет өкілдері күздің қара суығына қарамай жанталасып жатыр. Оларды жұмыстың сапасы аса алаңдатпайтын секілді. Жергілікті халық соған наразы.
Жаз бойы тым-тырыс жатып, қара күзде қауырт жұмысқа кіріскен жол жөндеушілер Катонқарғай ауданынан да табылды. Желі қолданушы Тілеубек Шаяхмет Фейсбуктегі парақшасында: «Бұл бейнені 2024 жылдың 18 қазан күні ауылға барған кезде арнайы осы жолмен жүріп түсірген едім. 6-7 шақырымдай қалған жолға асфальті төселіп болды ма екен? Аққайнардан ары қарай жол не болады? Берелге дейін асфальт төселе ме? Жоспарланды ма? Сұрақтар көп» деп жазды. Бейнежазбада Катонқарағай ауданындағы Аққайнар мен Жаңаүлгі ауылдарының арасындағы жолға асфальт төселіп жатқанын көрінеді.
Шығыстағы жол жөндеу жұмысының сапасына қатысты тұрғындар тарапынан айтылар сын көп. Атқарылған жұмысты күнде көзімен көріп жүрген қарапайым халық бюджеттің ақшасы босқа кетіп жатқанына қапалы.
Жол құрылысы мамандарының айтынша, асфальттің қас жауы - су, ылғал.
Жаңбырда, сусоқта асфальт төсемеген дұрыс. Су, ылғал асфальт пен жолдың арасындағы адгезияны (жымдасу, жабысу) төмендетуі мүмкін. Бұл жабын сапасына кері әсер етеді және оның беріктігін жояды. Сонымен қатар су жабынды мүжіп, соның салдарынан жарықтар туындайды. Жол сапалы болып, оның максималды беріктігін қамтамасыз ету үшін асфальт құрғақ жерге төселуі керек, - деп түсіндірді аты-жөнін атамауды өтінген жол құрылысы саласының маманы.
Фото: видеодан скрин