Қасым Қайсенов кенті мен Сібе көлдері тазарды

Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде аумақтарды абаттандыру мен көгалдандыруға бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Іс-шара аясында кент аумағы тазаланып, мыңнан астам ағаш көшеті егілді. Сондай-ақ Бозанбай ауылдық округіндегі Сібе көлдерінің жағалауы қоқыстан тазартылып, көгалдандыру жұмысы жүргізілді.
Акцияға студенттер, оқушылар, еріктілер мен экологиялық ұйымдардың мүшелерін қосқанда барлығы 130-ға жуық адам қатысты. Оның ішінде С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінен келген 30 студенттің белсенділігін ерекше атап өткен жөн.
Барлық қатысушылар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді, қажетті техникалар да іске жұмылдырылды. Сенбілік аяқталған соң жиналған қоқыс арнайы полигондарға шығарылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар экологиялық жауапкершілікті арттырып, туған өлкенің табиғатын аялауға, қамқорлық көрсетуға ықпал етеді.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық өңірінде өткізіліп жатыр. Акцияның басты мақсаты - азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыру, отаншылдық сезімі мен туған жерге деген құрметін қалыптастыру.
Фото: Ұлан ауданының әкімдігі




