F16.KZ
Жарияланды: 12:00, 07 май 2025
Ұлан / Басты / Жаналықтар

Қасым Қайсенов кентінде батырлар аллеясы ашылды - ШҚО

Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде батырлар аллеясы және әйгілі партизан, Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновке арналған мурал ашылды, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.

«Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов» атты көркем мурал Нұржау көшесіндегі №9 тұрғын үйдің қабырғасына салынған.

 Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс: ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты салтанатты іс-шараға қатысты.

 

Мемориалдық стелла - Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысының ардагерлеріне арналды. Бұл – біздің тарихқа деген құрмет пен батыр бабаларымызға шексіз тағзымның белгісі. Бүгінгі шараға жас сарбаздарымыз да қатысып отыр. Жас ұрпақ батырлардың ерлігін үнемі есте сақтауға тиіс. Ұлан ауданынан тарихта аты алтын әріптермен жазылған тоғыз Кеңес Одағының батыры мен Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов шыққан. Облыста батырлардың есімін ұлықтау мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Биыл Ұлан ауданында алты ескерткіш жаңартылып, Қасым Қайсеновке арналған мурал салынды. Бұл жұмыстар – өткенге деген құрметіміздің айқын көрінісі және жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің бірден-бір көрінісі. Батырлар аллеясы халықты рухтандырып, жас буынды елге деген сүйіспеншілікке тәрбиелейтін киелі орынға айналады деп сенеміз, – деді облыс әкімі.

Салтанатты шараға Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің ұлы Болат Қайсенов (суретте, жеке тұр) те қатысты. 

Айта кету керек, бұл оқиғаның тек жергілікті халық үшін емес, ел тарихын қастерлейтін барша азаматтар үшін маңызы зор. Ол Отан қорғаушылардың ерлігі мен жанқиярлығын еске салады, олардың ерлігі болашақ ұрпаққа үлгі болып қала бермек. Ұлы Жеңіс рухы – әрқашан қазақстандықтардың жүрегінде.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)