Самарда агроөнеркәсіп саласы қалай дамып келеді?

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Самар ауданындағы өсімдік және мал шаруашылығына маманданған «Қалисатарұлы» шаруа қожалығына барды, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Шаруа қожалығы бидайдың «Алтайская-325» сорты, «Ілек» арпасы мен «Скакун» сұлысы сияқты дәнді дақылдарды өсірумен айналысады. Мал шаруашылығы саласына да ден қойып, дамытып келеді. Қазіргі күні ірі қара мен жылқы басы артуда. Жалпы жер көлемі 2 360 гектарды құрайды, оның ішінде егістік, жайылым және шабындық алқаптар бар.
Облыс әкімі өз сөзінде аграрлық секторды әрі қарай дамыту маңызды екенін атап өтті.
ШҚО әкімі әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмысымен танысты
Нұрымбет Сақтағанов келесі кезекті жергілікті халықтың өмір сүруі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірқатар маңызды нысандардың жұмысымен танысты.
Атап айтқанда Самар ауылында орналасқан төтенше жағдайлар бөлімін, төрт елді мекенді және 5 000-нан астам тұрғынды орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етіп отырған «Самар» ШЖҚ КМК-ны аралады. Сонымен қатар аудандық соттың, полиция бөлімінің, кітапхананың және «Самар ауылшаруашылық-техникалық колледжі» КМҚК жатақханасының қызметімен танысты.
Нысандарды аралау барысында облыс әкімі инфрақұрылымның қазіргі жай-күйін бағалап, жауапты мамандармен бірге қызмет сапасын арттыру, жаңғырту және одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Кейін өңірдің су теңгерімін реттеуде маңызды рөл атқаратын «Ешкібай» су қоймасына барды.
Су қоймасының ерекшелігі – оның барлық су ағыстары көктемгі тасқын суларына жататынында. Жылдық ағынның шамамен 80%-ы сәуір мен мамыр айларында қалыптасады. Жаз-күз мезгілдерінде су ағыстары әдетте тартылып қалады, бұл өз кезегінде су шаруашылығын дер кезінде жоспарлауды және техникалық бақылауды қажет етеді.
Аймақ басшысы гидротехникалық нысанның қазіргі жағдайымен танысып, су тасқынына қарсы іс-шаралардың тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар берді.




