Өскеменде кәмелетке толмаған қызды ұрып-cоғу дерегі бойынша тергеу басталды
Өскеменде қамқоршылыққа алынған қыз бала зорлық-зомбылық көріп келген. Қазір осы жағдайға байланысты қалалық полиция басқармасының Сол жағалау полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы, 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалдарын жүргізіп жатыр.
Бұл туралы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің әлеуметтік желідегі парақшасында жазылған, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Былтыр маусым айында Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шығыс Қазақстан облысы бойынша өкіліне «Ана үйі» ресурстық орталығының өңірдегі маманы хабарласып, зорлық-зомбылық көрген жасөспірім қыздың құқығын қорғауға көмектесуді сұраған.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыстағы өкілінің бастамасымен аталған мәселе Кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қаралады. Жиынға жергілікті өкілмен бірге қамқоршылық органның және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекцияның өкілдері, білім беру жүйесінің мамандары, психологтар қатысқан.
Сонымен қатар Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының басшылығына аталған факті бойынша арыз жазу жөнінде ұсыныс айтылған.
Алайда аталған өкілетті органдар денедегі соққы іздеріне қатысты мәселенің мән-жайын анықтауға тырыспай, жасөспірім қызды өзі қайта-қайта қашып жүрген отбасына апарып тапсырған.
Арада бір ай өткенде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі Шығыс Қазақстан облысының балалар құқықтары жөніндегі уәкілмен бірге мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл аясында ШҚО прокуроры мен Полиция департаменті бастығының атына ұсыныс жолдайды. Онда кәмелетке толмаған қыздың денсаулығына зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғау және объективті тергеу амалдарын жүргізу, оның ішінде бала құқығының қорғалуына жіті назар аудару мәселесі айтылған. Бұған қоса уәкілдер қамқоршылық және қорғаншылық органдары әрекетінің заңдылығын тексеруді де сұраған. Нәтижесінде Өскемен қалалық полиция басқармасының Сол жағалау полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы, 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалдарын бастады. Бұл істің барысын F16.kz сайты ұдайы назарды ұстап отырады.
Фото: @ombudsperson_vko