Демалыс орындары мен аулалар абаттандырылады – Өскемен

Биыл Шығыстың бас шаһарын ауқымды абаттандыру жұмыстары күтіп тұр, деп хабарлайды F16.kz тілшісі .
Бірқатар нысанды, демалыс орындары мен аулаларды жөндеу жоспарланып, қазір жұмыстар басталып та кеткен.
Мәселен, Қазақстан көшесінде абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шешек асуы маңында да рекреациялық аймақ құру жұмыстары басталған. Филармония жанындағы сквер бұзылып, абаттандыруға негіз дайындалды.
Ертіс көпірінің астындағы аумақ абаттандырылып, демалыс аймағы мен серуендейтін жолдар жасалады. Жеңіс даңғылы мен Сәтпаев көшесінде ғимараттардың қасбеттеріне көркем және декоративті жарықтандыру орнатылмақ.
Аталған жұмыстардан аула аумақтары да тыс қалмайды. Қаладағы аула аумағын кешенді абаттандыру жоспарланған. 15 балалар алаңы мен 9 спорттық алаң орнатылады.
Сондай-ақ Лихарев көшесінде, Защита шағын ауданындағы теміржол вокзалы маңында, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ жанында, Меновное және Күленов кенттерінде демалыс орнын жабдықтау туралы ұсыныс айтылып жатыр.
Фото: Өскемен қаласы әкімдігі




