Қарт майдангерлер қамқорлыққа бөленіп жатыр - ШҚО

Шығыс Қазақстан облысында еріктілер «Ардагерім – ардағым» акциясы аясында қарияларға көмек көрсетуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Ұлы Отан соғысына қатысушыларға қолдау көрсету мақсатында қолға алынған «Ардагерім – ардағым» акциясы 28 сәуір мен 8 мамыр аралығында өткізіледі.
Биыл бұл игі бастамаға 300-ден астам волонтер қосылып, ардагерлерге көмек көрсетуге бағытталған түрлі іс-шараларға белсене атсалысып жатыр.
Акция басталғалы өңірде 24 іс-шара өткізілді. Еріктілер аулаларды тазартып, тыл еңбеккерлері мен ардагерлерге естелік сыйлықтар, азық-түлік себеттерін табыстады. Жастар тек қол көмегін көрсетумен шектелмей, әрбір ардагерге ерекше көңіл бөліп, қарияларды құрмет пен қамқорлыққа бөледі.
Акция ұйымдастырушыларының айтуынша, шара аясындағы жұмыстар жалғасын табады және ауқымы одан әрі кеңи түседі. Белсенділер мұндай бастамалар батыр бабаларымыздың ерлігін есте ұстап, азаттық пен болашақ үшін күрескен жандарға қолдау көрсетуде маңызды екенін атап өтті.
Айта кетейік, «Ардагерім – ардағым» акциясы облыстың барлық аудан-қаласын қамтиды.
Фото: ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметі