Өскеменде «Алау» әскери-спорттық ойынының жеңімпаздары марапатталды

Өскемен гарнизонының 27943 әскери бөлімі базасында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Алау» әскери-спорттық ойынының облыстық финалы өтті, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Шараны облыстық білім басқармасының Дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы ұйымдастырған.
Патриоттық рухты көтеріп, оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған бұл жарысқа облыстың әр аймағынан келген 12-14 жас аралығындағы 7–8 сынып оқушылары қатысты. Олар саптық дайындық, патриоттық әндер байқауы, спорттық жаттығулар, тарихи-өлкетану жобаларын қорғау сияқты түрлі сынақтарда өз шеберліктері мен білімдерін көрсетті.
Әсіресе «Ерлікке жүрегіңмен жақында» атты сахналық байқау көрермендердің ерекше ықыласына ие болды. Сонымен қатар қатысушылар АК-74 ММГ қаруын бөлшектеп, қайта жинау шеберлігінен де сынға түсті.
Сайыс нәтижесінде Тарбағатай ауданынан келген «Жас сарбаз» командасы үшінші орынға табан тіресе, жүлделі екінші орынға Риддер қаласынан келген «Сұңқар» командасы ие болды. Ал Алтай ауданының «Сұңқар» суырылып алға шығып, жеңіс тұғырынан көрінді.
Фото: Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі




