Ерлік рухы жаңғырған күн: Өскеменде 7 мамыр салтанатты түрде тойланды

Бүгін, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Өскемендегі Солжағалау кешенінің әскери-патриоттық алаңында мерекелік шара өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Саябаққа жиылған көпшілік алдымен үлкен LED экраннан Астанадағы әскери шеруді тамашалады. Одан кейін мерекелік шара ашық аспан астындағы сахнада театрландырылған концерттік бағдарламамен жалғасты. Концертті қала тұрғындары және қонақтарымен бірге Өскемен әкімі Алмат Ақышов та тамашалады. Көпшілік қауымның алдында жергілікті өнерпаздар, оның ішінде «Алтай» халық би ансамблінің бишілері, облыстық филармонияның солистері өнер көрсетті.
Іс-шараның басты мақсаты – ел тыныштығын күзетіп жүрген әскери қызметкерлерге құрмет көрсету және жас буынның бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыру.
Солжағалау кешенінде өткен шараға Өскемен гарнизонынан ғана емес, сонымен қатар Күршім және Марқакөл шекара отрядтарының сарбаздары да қатысты. Үздік сарбаздар мен офицерлер мереке құрметіне марапатталды. Атап айтқанда, Өскемендегі 27943 әскери бөлімінің сержанты Ерлан Бадигулов пен кіші сержант Болат Хасенов, ұзақ жылдық тәжірибесі бар майор Дархан Мұхтариев, медицина қызметінің санитарлық нұсқаушысы, қатардағы жауынгер Меруерт Дамиханова және «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 6699 әскери бөлімінің аға сержанты Нұрлан Смағұлов, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 5518 әскери бөлімінің техник-маманы, қатардағы жауынгер Рахат Айдаралы, ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің офицері, аға лейтенант Мадияр Әмірбаев, Алтай аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Әкбар Кәрім, ҚР ҰҚК Шекара қызметі ШҚО департаментінің жүргізушісі, сержант Ерік Жалелқанов және кадр бөлімінің технигі, ефрейтор Раушан Ержанқызы Бердигожиналар құрметке бөленді.
Концерттік бағдарламада қазақ батырларының даңқты дәстүрі дәріптелді, жоңғар шапқыншылығы кезеңінен бастап, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы және бүгінгі күнге дейінгі Отанды қорғау рухы асқақтады. Сахнада облыстық драма және оперетта театрының әртістері, ШҚО полиция департаментінің хоры, «Алтай» халық би ансамблі өнер көрсетті. Әнші Вячеслав Ткач жүрек тебірентерлік «1945 жылғы хат» әнін орындады. Көрермендердің жүрегіне жол тапқан тағы бір туынды — Кеңес Одағының батыры, қазақ халқының даңқты қызы Әлия Молдағұловаға арналған «Әлия» әні болды. Бұл әнді Әсел Қыдырханова орындады.
Сонымен қатар концертке Абдуллиндер атындағы музыка училищесінің жас өнерпаздары мен Өскемен қаласындағы №19 қосымша білім беру мектебінің оқушылары қатысты. Жалпы, мерекені ұйымдастыруға 120-ға жуық адам жұмылдырылды.
Фото: F16.kz




