Ләззат Қанатқызы
Жарияланды: 16:54, 09 май 2025
Өскемен

ШҚО Полиция департаменті ардагерлерге құрмет көрсетті

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті салтанатты іс-шара өткізді. Шара Ұлы Отан соғысы мен ішкі істер органдарының ардагері, құрметті полицей Құрмат Рахимовқа арналған мурал маңында ұйымдастырылды, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.

Шара барысында ел құрметіне бөленген ардагерге ерекше ықылас көрсетілді.

ШҚО Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, ардагерлердің ерлігін дәріптеудің маңызын атап өтті.

Құрбан болған қаһармандардың рухына тағзым ету мен ардагерлерге  құрмет білдіру – әрқайсымыздың қасиетті борышымыз. Бүгінгі бейбіт өміріміз үшін біз Жеңіс ұрпағына қарыздармыз. Олардың ерлігі – болашақ буынға үлгі болатын мәңгілік рухани бағдар, — деді департамент басшысы.

Өз кезегінде Құрмат Рахимұлы да көрсетілген ілтипат пен қамқорлық үшін шынайы ризашылығын білдіріп, жиналған жұртқа денсаулық пен амандық тіледі.

Мерекелік шара Полиция департаменті хорының орындауындағы соғыс жылдарындағы әндермен жалғасып, ерекше әсер қалдырды. Сонымен қатар, «Жас сақшы» сыныбының оқушылары дайындаған патриоттық қойылымдар көпшіліктің жүрегіне жол тапты.

Салтанатты іс-шара полиция қызметкерлері мен жас кадеттердің оркестр сүйемелдеуімен өткен шеруімен қорытындыланды.

Бұл күн – ардагерлерге деген алғыс пен құрметтің, сондай-ақ ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың көрінісі. Бұл – ел тарихында мәңгі сақталатын Ұлы Жеңістің даңқын ұлықтау күні.

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)