Шекаралық аудандарды дамыту: Өскеменде сараптамалық кеңес өтті

Өскеменде Ұлттық құрылтай шешімдерін жүзеге асыру аясында «Шекаралық аумақтарды дамыту – өңір дамуының негізі» тақырыбында сараптамалық кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Жиын барысында Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Денис Рыпаков Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында шекаралық аудандар мәртебесін қалпына келтіру оң нәтиже беріп жатқанын, инфрақұрылым айтарлықтай жақсарғанын атап өтті.
Айта кетейік, 2023 жылы желтоқсанда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шекара маңындағы бірнеше елді мекенді қалпына келтіру туралы жарлыққа қол қойған. Оған сәйкес Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында төрт аудан құрылды.
Тарбағатай, Үлкен Нарын және Марқакөл сынды шекаралық аудандардың мәртебесін қалпына келтіру Шығыс Қазақстан облысы үшін аса маңызды қадамдардың бірі болды. Бұл бастама аталған аумақтардың дамуына, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға оң ықпал етті.
Сараптамалық кеңесте қоныс аударушыларды қолдау және ауылдық жерлерге мамандар тарту бастамаларына да назар аударылды. Бұл ретте «Ерікті қоныс аудару» бағдарламасы мен «Дипломмен – ауылға» жобасы жұмыс істеп жатқанын атап өту қажет.
Сондай-ақ көлік-логистикалық инфрақұрылымын жаңғырту тақырыбы да басты назарға алынды. Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір салу жобасы сәтті жүзеге асырылып, өңірдің көлік қатынасы айтарлықтай жақсарды. Сонымен қатар қазір Зайсан және Катонқарағай аудандарында екі жаңа әуежайдың құрылысы жүріп жатыр.
Кездесу барысында қатысушылар өңірлік даму теңгерімсіздігін азайту қажеттігін атап өтті. Қазіргі таңда инфрақұрылымдық және әлеуметтік теңсіздіктерді жоюға, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған жаңа Өңірлік даму тұжырымдамасы әзірлену үстінде.
Іс-шараға әлеуметтанушы, ғылым кандидаты Элеонора Столярова, Ұлттық құрылтай мүшесі Ольга Кузовлева, облыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Зарина Камасова, экономика, білім беру, жер қатынастары, кәсіпкерлік және туризм басқармаларының өкілдері, Зайсан ауданының әкімі мен ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.
Жиын барысында шекаралық аймақтарды одан әрі дамытуға бағытталған ұсыныстар мен пікірлер айтылып, сараптамалық кеңес өз жұмысын қорытындылады.
Фото: ШҚО ішкі саясат басқармасы




