Өскемендегі аспалы жол: туризм мен көліктің жаңа кезеңі

Өскеменде аспалы жол құрылысы келер жылы басталуы мүмкін. Қазір инвестициялық жобаны қаржыландыру тетіктері қарастырылып жатыр, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
ЖОБА ҚҰНЫ ҚАНША?
Былтыр Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен швейцариялық Bartholet компаниясы арасында арқанжол құрылыс бойынша меморандум жасалды. Құжатқа қол қою кезінде жоба шығынының 80 пайызын Bartholet компаниясы көтеретіні, ал қалған бөлігі өңірді дамыту институттарының бірі «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ға жүктелетіні мәлім болды.
Кәсіпкерлік корпорацияның мәліметінше, жобаның жалпы құны ең кемі 50 млн АҚШ долларынан бастап 90 млн долларға дейінгі аралықта болады деп болжанған.
ҚАЙ БАҒЫТТА ЖҮРЕДІ?
2026 жылға жоспарланған арқанжол құрылысын жүргізу екі кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде ADK-River сауда-ойын сауық кешенінен Ертіс өзені арқылы облыстық драма театрына дейін және кері бағытта аспалы жол салынады. Екінші кезеңде арқанжол «Қазақстан» тауына қарай тартылады. Әзірге құрылыс қашанға дейін созылатыны белгісіз. Бірақ Bartholet өз тәжірибесінде мұндай құрылысты бір жылға жеткізбей тиянақтаған мысалдар жеткілікті.
Жоба авторларының есебінше, өңір үшін инновациялық көлік түрі саналатын арқанжол Ертіс көпірінің үстіндегі көлік қозғалысын жеңілдетуге тиіс.
Сондай-ақ арқанжол туристік мақсатта да қолданылады. Ол өскемендіктердің ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен келетін адамдарға ыңғайлы әрі ерекше көлік болмақ. Шетелдік компания нысанның жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қызмет көрсетуді толық өз мойнына алады.
АРҚАНЖОЛ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?
Жобаның техникалық сипаттамаларына келсек:
* Аспалы жолдың түрі: гондольді;
* Станциялар саны: 2 (солтүстік және оңтүстік);
* Өткізу мүмкіндігі: сағатына 1500 жолаушыға дейін;
* Кабиналар саны: 37;
* Бір кабинаның сыйымдылығы: 10 адам;
* Бір бағыттағы сапар ұзақтығы: 7 минут;
* Жолдың жалпы ұзындығы: 2050 метр;
* Тіректер саны: 17 негізгі және екуі станция маңында;
* Қозғалыс жылдамдығы: 6 м/сек;
* Кабиналар арасындағы интервал: 11,9 секунд.
Қауіпсіздік шаралары халықаралық стандарттарға және Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады:
* апаттық тоқтату жүйесі;
* бейнебақылау жүйесі;
* екіжақты байланыс құралдары;
* техникалық қызмет көрсетудің жоспарлы кестесі.
ҚҰРЫЛЫС ҚАШАН БАСТАЛАДЫ?
«Ертіс» ӘКК» АҚ-ның хабарлауынша, құрылыс мерзімі қаржыландыру мәселесі толық шешілгеннен кейін нақты белгіленеді. Осы ретте Bartholet компаниясы аспажол бағытының баламалы нұсқасын ұсынғанын айта кеткен жөн. Ол нұсқаға сәйкес арқанжол сол жағалаудағы саябақ пен музей аумағы арқылы (2,6 км) жүргізілмек.
Техникалық қадағалау және пайдалануға келсек, алғашқы екі жылда техникалық қызмет көрсетуді Bartholet компаниясы қамтамасыз етеді. Бұл аралықта жергілікті мамандарды оқыту және даярлау жүргізіледі. Кейін техникалық қызмет пен пайдалануды Өскеменде арнайы құрылатын сервистік компания жүзеге асыруға тиіс, – деп жазды «Ертіс» ӘКК» АҚ.
НЕ КҮТЕМІЗ?
Арқанжол жобасын іске асыру шын мәнінде туризм мен өңірлік экономикаға жағымды ықпал етеді деп отыр мамандар. Атап айтқанда мынадай нәтижелер болады:
* Тасымал бағытында - қаланың оң және сол жағалауын байланыстыратын көлік қатынасын қамтамасыз ету;
* Туризм бағытында - туристік инфрақұрылым дамып, қаланың көрнекі әрі қауіпсіз көлікпен толықтырылады;
* Туристер мен қала тұрғындарына арналған жаңа рекреациялық нысан құрылады;
* Экологиялық ықпалы - автомобиль көлігіне түсетін жүктемені азайту арқылы ауа сапасының жақсаруына ықпал етеді;
* Экономикалық ықпалы - қоғамдық тамақтану, кәдесый саудасы, экскурсиялық қызмет сынды сервистік салалардың дамуына ықпал етеді;
* Туристік ағынның артуынан қызмет көрсету секторы табысы өсіп, жұмыс орындары көбейіп, бюджетке түсетін салық түсімдері ұлғаяды.
Фото: pixabay.com




