F16.KZ
Жарияланды: 16:30, 14 май 2025
Өскемен / Басты

Өскеменде алаяқтық істеген шенеунік сотталды

Өскеменде танысын жұмысқа құжат жүзінде қабылдап, жалақысын өзі алып отырған экс-шенеунікке қатысты сот шешімі шықты. Іс 2қалалық сотта қаралды, деп хабарлайды F16.kz.

Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі ШҚО филиалының басшысы болған сотталушыға ҚК-нің 190-бабы, 3-бөлігі, 2-тармағы бойынша (қызметтік бабын пайдалана отырып жасалған алаяқтық) айып тағылды.

Қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, сотталушы Т. есімді азаматты жұмысқа филиал бақылаушысы лауазымына алған. Бірақ ол жұмыс істемеген. Ал оның ай сайынғы жалақысын филиал басшысы алып отырған. Осының салдарынан мемлекетке зейнетақы жарналарын есепке алғанда 2 734 881 теңге көлемінде шығын келтірілген.

Сотта айыпталушы кінәсін мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтты және мемлекетке келтірілген шығынды толық өтеді.

Айыпталушының кінәсін толық мойындағанын, істеген әрекеті үшін өкінгенін, келтірілген шығынды өтегенін ескере отырып, сот оған 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметте лауазымды қызметті атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ, –деді қалалық соттың баспасөз қызметі.

Фото: pixabay.com

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)